Солтүстік Қазақстан облысындағы максималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқандар жаңа кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік алды. Енді сотталғандар омарташы және жібек құртын өсіруші мамандықтарына оқытылатын болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО Айыртау ауданында орналасқан №51 түзету мекемесінде 100 жазасын өтеуші жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Биыл оқыту бағдарламасына жаңа кәсіп түрлері енген. Бұл туралы мекемеде жаңа оқу жылына арналған салтанатты іс-шарада айтылды.
«2024-2025 оқу жылында Айыртау агротехникалық колледжі мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжі 100 сотталушыны оқуға қабылдады. Жазасын өтеушілер кең бейінді мастер-құрылысшы, газ-электр дәнекерлеуші, тігінші, көгалдандыру шебері, ландшафт дизайнері, сондай-ақ омарташы және жібек өсіруші мамандықтарын меңгереді. Соңғы екеуі мекеменің оқу бағдарламасына алғаш рет енгізілді. 10 ай бойы мамандар сотталғандарды арнайы әдебиеттерді, бейнематериалдарды зерделеу, сондай-ақ практика арқылы оқытатын болады», — деді №51 түзету мекемесі бастығының жалпы мәселелер бойынша орынбасары Светлана Спасская.
Бүгіндері түзету мекемесінің аумағына ара ұялары, қорғаныс костюмдері және басқа да қажетті жабдықтар әкелінді. Жақын арада жібек құрттарын өсіруге арналған арнайы инкубаторлар орнату жоспарлануда.
«Түзету мекемесінде жаңа мамандық меңгерген жандар бостандыққа шыққаннан соң тез жұмысқа орналаса алады. Тіпті, өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар», — деп толықтырды спикер.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 28 жастағы жігіт қоқыс өртеймін деп күйіп қалды