Облыстың 12 ауданында ет өндіру жалпы 4,8 пайызға төмендеп кеткен. Оған кейбір шаруалардың мал басын азайту себеп. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жалпы өңірде өткен жеті айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1% өсіммен 118 млрд теңгені құраған.Облыста сүт өндірісі – 6,9%-ға, жұмыртқа – 5,0%-ға артқан. Бірақ ет өндірісінің көрсеткіші төмендеп кетіпті.
«Облыстың 12 ауданында ет өндірісі төмендеп кеткен. Қызылжар ауданында – 16,0%-ға Мамлюткада – 10,4, Уәлиханов ауданында – 6,1%-ға , Жамбылда – 3,2%-ға, ал Тайыншада – 0,9%-ға көрсеткіш төмен. Бұл аудандардағы ауыл шаруашылық құрылымдары өнімін азайтқан. Ал Аққайың, Айыртау, Тимирязев пен М.Жұмабаев, Есіл мен ғ.Мүсірепов аудандарында шаруашылықтарда мал басының азаюына байланысты төмен көрсеткіш тіркелді», — деді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Өткен жеті айда өңірде сүт өндірісі артқан. Бірақ, Шал ақын ауданында теріс көрсеткіш тіркеліпті. Облыс әкімі бұл аудан әкімдеріне өндіріс көлемін қалыпқа келтіруді тапсырды.