Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен жастардың мәселесін «Әділдік және өркендеу» ҚҚ өкілдері көтерді. Себебі 10 жыл бұрын қабылданған бағдарлама аясында оңтүстіктен келіп оқыған студенттердің басым бөлігі туған елдеріне оралады. Олар солтүстікте жұмыс пен жағдайдың жоқтығын алға тартады. Аталмыш мәселенің шешу жолдары дөңгелек үстел басында талқыланды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жанислам Жұбай мемлекеттік бағдарламамен оқуға түскен алғашқы студенттердің бірі. Ол теміржолшы мамандағын аяқтағанымен, диплом бойынша еңбек етпеген. Себебі білім ордасын тәмамдағасын жұмысқа орналасуда қиындық туған.
«Оңүстіктен келген жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі осыдан 10 жыл бұрын көтерілген. Әлі шешілмей келеді. Мұны көбі тек тегін оқу деп түсінеді. Негізінде осы өңірде жұмыс қолы тапшы болғасын, өзге облыстардан жастарды тартып отыр. Оқытып, осында қалдыру мақсаты. Бірақ, іс жүзінде керісінше, барлығы кейін үйлеріне кетеді. Себебі жағдай жоқ. Ешкім бұл бағдарламаға жауап бергісі келмейді. Мен оқу бітіргенде ешкім келіп бізді тексерген жоқ, кім, қайда жүр деп сұраған да жоқ»,-дейді бағдарлама түлегі.
Бұл мәселенің өзекті екенін қазіргі студенттерде растап отыр. Олар диплом алғасын екі жыл біздің өңірде гранттарын өтеу керек. Бірақ, жұмыс болмаса, ұсынылмаса оны өтеу мүмкін емес дейді жастар.
«Серпін» бағдарламасын екі өңір арасындағы көпір деп алатын болсақ, бізді әдемі көпірдің үстімен өткізіп алып келді. Бірақ, көпірдің ар жағындағы жағдай мүлдем басқа екенін келгесін түсіндік. Мен екінші курста оқимын. Жалпы бұл бағдарлама жастар үшін білім алуға болатын жақсы мүмкіндік. Біз оны пайдаланып, әрі қарай дамытқымыз келеді. Бірақ ұсыныс, талап, жағдай жоқ. Үй болса, жұмыс жоқ. Жалақы аз. Бәсекелестік жоқ. Министрлік әкімдікке, әкімдік басқармаға, басқарма үкіметке сілтейді. Кімнен сұрайтынымызды білмейміз»,-деп өз ойымен бөлісті Диас Ізбасар.
Статистикаға сүйенетін болсақ, 10 жыл ішінде унивесритетті аталмыш бағдарламамен 1373 студент бітірген. Оның 70 пайызы үйлеріне қайтқан.
Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2017-2021 жылы қоныс аударып келгендердің 144-і «Серпін» бағдарламасы арқылы квота алған. Соның 32-сі ғана жұмыспен қамтылыпты.
Тағы оқыңыз: Президент жерлесіміз Шашубай Малдыбаевты 75 жылдық мерейтойымен құттықтады