Солтүстікқазақстандық полицейлер ет өнімдерін сатуға қатысты 17 құқық бұзушылықты анықтады. 21-ші ақпаннан бастап тәртіп сақшылары «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл тұрғыны Toyota шағын автобусымен коммуналдық базарға ілеспе құжаттарсыз ірі қара малды жеткізбек болған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі күн ішінде облыс бойынша осындай 17 факт анықталды.
«85 автокөлік, 26 өткізу орны, 126 шаруа, ферма қожалықтары мен шалғайдағы нүктелер тексерілді. Ветеринарлық бақылаудан өтпеген ет өнімдері денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін», – деді криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Заңсыз ет саудасын тексере жүріп, полицейлер Ғ. Мүсірепов ауданында тіркелмеген тегіс ұңғылы қаруды сақтау фактісін анықтады. Ауыл тұрғынының айтуынша, Есіл өзенінің жағасынан ТОЗ мылтығын тапқан. Сол ауданда бұрын аңшылық құрған азаматтан 16 калибрлі 51 патрон тәркіленді. Олардың барлығы сараптамаға жіберілді, әкімшілік материалдар жиналып жатыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кәсіпкер күнбағыс майының бағасын негізсіз өсірген