СҚО-да әдіскерлермен педагогтар бас қосты. Облыстық семинарға «Педагогтарді әдістемелік сүйемелдеуге жасанды интеллектіні пайдаланудың заманауи мүмкіндіктері» тақырыбы берілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиында өңірде білім беру саласына заман игілігін енгізу және дамыту бойынша құрылған жобалар жайлы айтылды. Оның бірі — «АI-USTAZ» жобасы. Бұл өткен жылы қолға алынған бастама. Жетекшісі — Ақжар ауданынан келіп отырған тарих пәні мұғалімі Қуандық Жолтайұлы.
«Осы жобаның арқасында түрлі семинарлар, тренингтер мен ашық сабақтарда жасанды интеллектіні тиімді пайдалануды үйретіп жатырмыз. Бүгінгі семинарда мен жасанды интеллект арқылы тест-конструкторды алып келдім. Яғни бұл арқылы ұстаздар заман игілігінің көмегімен тест жасай алады», — деді «АI-USTAZ»жобасының жетекшісі Қуандық Жолтайұлы.
Ал «АI-Metod Hub SKO» жобасы әдіскерлер мен білім бөлімі қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Жиында жобалардың тиімділігін еселеу мақсатында «Әдістемелік орталық» пен «SKO HUB» ұйымы арасында меморандумға қол қойылды. Құжатпен бекітілген әріптестік аясында креативті индустрияны дамыту жолында түрлі бірлескен іс-шаралар іске асырылады.
«Бұл жерге жиналған ұстаздардың дені — жасанды интеллектіні білім жүйесінде пайдалану жайлы арнайы курстан өткен жандар. Бүгін олар өзара білген-түйгендерімен бөлісіп жатыр. Бірнеше педагог ақпан айында Астана қаласында өтетін «Хакатон» республикалық байқауына қатысуға өтінім берді. Жеңімпаз атанып жатса, Корея елінде өз білімін шыңдай түспек», — СҚО білім басқармасы «Әдістемелік орталық» КММ директоры Роза Сәркен.
Жалпы, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларның бірі. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тоқталып өтті. Президент өз сөзінде «Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі, адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет»,- деген болатын.
Тағы оқыңыз: Конституциялық реформа: түзетулер Ата заң мәтінінің 84%-ын қамтиды

