СҚО-да орақ науқаны 88 пайызға аяқталды. Бүгінге дейін диқандар 2 млн 676 мың гектардағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жиған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірде орақ науқаны жалғасып жатыр. Тың дерекпен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужинов бөлісті. Қамбаға 5 млн тоннадан астам жеткізілсе, гектар берекелігі 19,4 центнерді құрайды.
«Сонымен қатар, 522,9 мың гектардағы немесе егістік жердің 53,4 пайызындағы майлы дақылдар орылды. 577 мың тонна өнім бастырылды. Шығымдылық көрсеткіші 11 центнерді құрайды. Картоп 5,1 мың гектардан жиналды бұл бағытта жұмыстың жартысы тындырылды. Көкеністер де жиналып жатыр», — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужинов.
Жақында биылғы өнімге белгіленген баға да жарияланады. Ағымдағы жылы форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша облыста 65 тауар өндіруші қаржыландырылыпты. Берілген ақша — 7,5 млрд теңге. Енді диқандар Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 146,7 мың тонна астық қайтаруы тиіс.
«Дән маңызы 27 пайыз немесе одан жоғары 3-ші сыныптағы бидайға 115 мың теңге бекітілді. Бұл — ең жоғары баға. Егер дән маңызы төмендесе, астық құны да төмендейді. 4-ші сыныптағы бидай 82-80 мың теңгеден алынады. Арпаға да тоқталу қажет. 2-ші сыныптағы арпа 75 мыңға бағаландв. Ал майлы дақылдарға қатысты баға алдағы уақытта жария етіледі», — деді басқарма басшысы.
Есеп айырысуға келсек, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар қарашаның 1-ші жұлдызына дейін тапсырылуы тиіс. Ал майлы өнім аталған айдың 15-іне дейін коопорация бекіткен жерге жеткізілуі міндетті.
Айта кету керек, облыста бірінші болып орақ науқанын Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Целинное — 2004» серіктестігі аяқтады. Олар биыл 31 мың гектар алқаптан ырыс дәнін жинаған. Айта кету керек, шаруашылық күзгі жиым-терім жұмыстарын 19 қыркүйек күні аяқтаған.
Тағы оқыңыз: Жыл басынан 19 солтүстікқазақстандық описторхозбен ауырған