СҚО-да он мектеп қолдаудың арқасында екі жарым млрд теңгеге күрделі жөндеу көрген
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауының көмегімен СҚО-дағы он мектеп жөндеу көрген. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Соның бірі — №2 Бескөл орта мектебі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқу орны былтыр ғана күрделі жөндеу көрді. Іске 250 млн теңге бағытталған. Соның арқасында 90-шы жылдары ашылған мектеп адам танымастай өзгерді.
СҚО-да он мектеп қолдаудың арқасында екі жарым млрд теңгеге күрделі жөндеу көрген
«Мектебімізде орын алған оң өзгерістердің арқасында оқушылардың оқу үлгерімі де жоғарылады. Төртінші сынып оқушылары жаратылыстанудан түрлі деңгейдегі олимпиадалары жеңімпаз атанды. Былтыр ҰБТ-ның орташа баллы 74 болатын. Биыл 89-ға дейін жеттік»,- деді №2 Бескөл орта мектебі директорының орынбасары Ақмарал Ілиясова.
Қазіргі таңда мектепте 500-ден астам оқушы білім алады. Оларға 80 білікті ұстаз тәлім-тәрбие береді. Қордың қолдауының арқасында мектептің 29 кабинеті жөндеу көрді, заманауи құрылғылармен жарақталды.
Осы орайда назар аударатын жайт бар. Қор білгілі бір санаттағы сәйкес келетін еліміздегі оқу орындарына көмек көрсетеді.
«Ең алдымен ұстаздардың білімін тексердік. Жұмыстарын көрдік. Бұл мектеп Қызылжар ауданындағы үш білім ұясына көмек көрсетеді, тәжірибемен бөліседі. Сондықтан осы мекемені таңдадық. Жалпы солтүстіктегі 10 мектепке 2,5 млрд теңгеге жөндеу жүргізіп, құрылғыларын жаңарттық»,- деді «Қазақстан халқына» қоры бағдарламалар мен жобаларды басқару жөніндегі орталықтың басшысы Бауыржан Оразғалиев.