Солтүстікқазақстандық балықшылар үшін сүйінші жаңалық. Жаз уақытында өтетін «Мөңке күні» фестивалі қайта жанданады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Мөңке күні» фестивалі алғаш рет өңірде 2016 жылы ұйымдастырылған болатын. Онда өңірдің кәсіби балықшылары Пестрое көлінде балық аулап жарысты. Кейін төрт жыл қатарынан өткізіліп, пандемия кезінде тоқтап қалды. Содан кейінгі төрт жыл бойы балықшылардың сүйікті мерекесі ұйымдастырылмапты. Енді алдағы жылдан бастап «Мөңке күні» шарасы қайтадан жанданады. Мәселені СҚО кәсіпкерлер палатасы туризм және қонақ үй бизнесі комитетінің төрағасы Виталий Витченко облыс әкімінің кәсіпкерлермен кездесуінде көтерді.
«Біздің облыста кәсіби-әуесқой балықшылардың басын қосатын «Мөңке күні» фестивалі ұйымдастырылатын. Кейін коронавирус басталғанда ол тоқтатылды. Осы жақсы шараны қайта қолға алсақ деген ойымыз бар. Осы тұста қолдау білдірсеңіз жақсы болар еді», — деді Виталий Витченко өңір жетекшісіне.
Өз орайында Ғауез Нұрмұхамбетов мұндай шараларға қарсы емес екенін жеткізді. Тек өтетін арнайы жер мен күнді алдын ала белгілеп, аудан әкімдеріне өз деңгейлерінде көмек көрсетулерін тапсырды. Қажет болса, аудандық деңгейде де өткізуге болатындығын айтты.
«Менің ойымша, бұл жақсы шара. Сондықтан еш қарсылығым жоқ. Күнтізбенің арнайы күнін белгілеп енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ, аудан әкімдері бұл шараны қолдау керек. Іс-шаралар жоспарына енгізіп қойыңыздар», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар, аталмыш фестивалді тек Пестрое көлінде ғана емес, өзге көлдерде де өткізу ұсынысы болды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да субсидия ала алмай жүрген сүт зауыттарының бірі жабылып қалуы мүмкін