Солтүстік Қазақстанда оқушыларды тасымалдау кезінде бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Облыс прокурорлары кей мектептердің жүргізушілері медициналық тексерістен өтпей көлік тізгіндегендігін анықтаған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәлімдеуінше, Айыртау және Уәлиханов аудандарында мектеп автобустарының жүргізушілері 372 баланы медициналық тексерусіз тасымалдаған.
«М. Жұмабаев және Аққайың аудандарының білім беру ұйымдарында ереже талаптарына қайшы, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімдер жасалмаған. Сондай-ақ автобус жүргізушілері алкогольдік және есірткілік заттарды пайдалану фактісі бойынша медициналық тексеруден өтпеген», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ал Аққайың ауданында төрт бірдей білім беру мекемесінің көліктерінде алғашқы медициналық көмек қобдишасы және авариялық жағдай туралы белгі болмаған. Қадағалау органының актілері бойынша кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтар жойылды. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша 1632 баланың құқығы қорғалды.
Тағы оқыңыз: «Ұлы дала жорығында» солтүстікқазақстандық шабандоздар үздік үштік қатарында