Ж. Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде жұмыс берушілер мен түлектер арасында кездесу өтті. Басты мақсат- жастарды жұмысқа орналастыру және кадр тапшылығын жою, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі кезде Петропавлдағы медициналық колледжде 1217 студент оқиды. Олар мейірбике ісі, емдеу ісі, фармация және медициналық зертханашы, акушер сынды мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
«Биыл Ж. Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжін 325 студент аяқтап, диплом алады. Оның 144-і грант иегерлері. Ал 181 студент ақылы түрде оқып жатыр. Енді біздің мақсатымыз осы түлектерді толығымен жұмыспен қамту. Оған қоса өңірдегі орта медициналық қызметкерлердің тапшылығын азайту. Әсіресе, аудан, ауылдарды қажетті мамандармен қамту. 2023 — 2024 жылдары облыстағы орта медициниалық қызметкердердің тапшылығын ескеріп, біз мемлекеттік тапсырыс аясында оқитындарың санын 100-ден 150-ге дейін көбейттік», — дейді колледж директоры Айзар Мұқашев.
Кездесуге аудандық және қалалық медицналық ұйымның өкілдері келді. Олар өз кезегінде аудандарда жас мамандарға көрсетілетін көмек жайында баяндады. Мәселен, ауылды жерге жұмыс істеуге барған орта медициналық қызметкерге баспана беріледі. Көтермақы алуға да мүмкіндік бар.
«Қазіргі кезде Тимирязев аудандық ауруханасына 11 орта медициналық қызметкер керек. Оның ішінде терапия және хирургия бөлімдеріне мейірбике, фармацевт, фельдшер бар. Әлеуметтік пакет, яғни қолдау толығымен көрсетіледі. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдары жас мамандарға, медициналық ұйымдарға үнемі көмек көрсетіп отырады. Баспана мәселесі туындамайды», — дейді Тимирязев аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Думан Камиров.
Жиын соңында колледж басшылығы түлектерге жұмыс орнын алдын ала анықтауды ұсынды. Себебі, қазіргі таңда ауылдық медицинаны жаңғырту жұмыстары күшейтілген. Сондықтан басымдық ауылды жерлерге беріліп отыр. Студенттерге мемлекеттік тәжірибеден өту барысында бірден жұмысқа орналасуды ескеру керектігін де айтты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да полицейлер мен табыншылар батпаққа батып бара жатқан түйені құтқарды