Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осыған орай ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен облыс әкімі құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Салтанатты марапаттау рәсімі Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде болды. Алдымен өңір басшысына оқу орнының материалды-техникалық базасы таныстырылды. Медицина колледжінде қазіргі уақытта алты мамандық бойынша 1200-ден астам студент білім алады. Оқу ордасында 42 оқытушы жұмыс істейді.
«2019 жылы біздің медицина колледжіне жоғары колледж атағы берілді. Мейірбике қызметінің бакалаврын дайындаймыз. 2022 жылы біздің оқу орнымыз халықаралық аккредитациядан өткен болатын. Биыл да мамыр айында сәтті қорғап шықтық», — деді Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің директоры Айзар Мұқышев.
Оқу орнында болашақ медицина қызметкерлерін дайындауға барлық жағдай жасалған. Колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып болғаннан соң өңір басшысы салтанат залына жиналған ақ халаттыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, сіздерді медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәрігер әлемдегі ең маңызды мамандық. Өйткені, адамның денсаулығын қорғау аса жауапты іс. Сіздердің жұмыстарыңыз ерлікке тең. Ақ халатты абзал жандар күн сайын адамдардың өміріне араша түседі. Адам денсаулығы әрқашан ең жоғары құндылық болады. Ал оған қамқорлық жасауды таңдағандар зор құрметке ие», — деп құттықтады облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Кәсіби мерекелеріне орай 70-ке жуық медицина қызметкерінің еңбегі еленді. Солардың ішінде 5 дәрігер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Солардың бірі — Сымбат Әліпбаева. Ол көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі. Қарағанды медицина университетін бітіріп, еңбек жолын Шал ақын ауданының ауруханасында бастаған.
«Медицина мамандығының қиындығы оқуға, жұмысқа өте көп уақыт арнау қажет. Шыдамдылық керек. Мерекеде құттықтап, еңбегімізді елеп жатқанына өте қуаныштымын. Үлкен рахмет», — деді Сымбат Өмірбекова.
Марапаттау рәсімінен кейін медицина қызметкерлерінің назарына мерекелік концерт ұсынылды.
Тағы оқыңыз:СҚО-да колониядан тұтқын қашып кетті