Петропавлда «Өзгеріс дәуіріндегі әйелдер» облыстық форумы өтті. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар нәзікжанды марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов аймақ басшысы Айдарбек Сапаровтың атынан жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтады.
«Бүгінде Қазақстанда әйелдер саясатта, бизнесте және экономика мен шаруашылықтың әртүрлі салаларында ер азаматтармен қатар еңбек етуде. Еліміздің, облысымыздың өркендеу жолында аянбай қызмет жасап жүрген баршаңызға ризашылығымды білдіремін!», — деді Кемел Оспанов.
Өткен жылы республикалық әйелдер форумы аясында «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» атты кітап жарық көрді. Туындыға ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүрген 9 солтүстікқазақстандық нәзікжанды кірді. Соның ішінде Айыртау ауданының тұрғыны Мархабат Кенжебаева да бар. Кирилловка ауылында тұратын жерлесіміз жолдасымен мал шаруашылығын дамытуда. Олар отбасылық бизнестерін 100 қаздан бастаған. Құстарды сатып, 2 сиыр сатып алыпты. Сөйтіп, ірі қаралардың еті мен сүтін сатып, істері алға басқан.
«Тауарымызға сұраныс жоғары. Астана, Көкшетау қалаларына жеткізіп отырамыз. Сауын сиырларын ұстаймыз. Сүттен ірімшік, май, қаймақ, құрт істеп сатамыз. Ал бұзауларды өсіріп, бордақылауға қоямыз. Қазіргі уақытта 40 сиырымыз бар. Мал басын 150-ге дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, былтыр 500 қазымыз болды, оны саттық. Ендігі жылы құс санын 1000-ға жеткізбекшіміз», — деді еңбекқор Мархабат Кенжебаева.
Бүгінгі форумды СҚО әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өткізіп отыр. Оның мүшелері келешекте тағы осындай жиындарды өткізуге ниетті.