Биыл СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көрсеткіші төмендеген. Әсіресе, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі айтарлықтай азайды. Бұл туралы өңір басшысының жетекшілігімен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мал шаруашылығы облыста дамығанымен, шығаратын өнім түрлері 15,9 пайызға азайған. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауданында биыл ет 26,6 пайызға немесе 197 тоннаға аз өндірілген. Бұл тізімде М. Жұмабаев ауданы да бар. Олар етті 75 тоннаға, ал Мамлют ауданы 27 тоннаға аз берген. Облыс әкімі аудан басшыларына жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.
«Мемлекеттік жерді пайдалана отыра, ет өнімін төмендетуге жол бермеу керек. 2-3 кәсіпорнның шалағай жұмысы, бар ауданның көрсеткішін төмендетіп отыр», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сүт өнімдерін шығаруда көрсеткіштер жаман емес. Дегенмен Шал ақын ауданында шаруа ақсап тұр. Тіпті, Сергеевкадағы май зауытында өндіріс 1236 тоннаға азайған. Аудан әкімі Рахат Смағұлов, оны сүт тауарлы ферманың жоқтығымен байланыстырды. Өз кезегінде облыс басшысы мұндай сылтау іздеудің керегі жоқ екендігін жеткізді.
«Ауыл аманаты, несиелер бар, жеке қосалқы шаруашылықтар бар соларды пайдалану керек. Әсіресе, жеке шаруашылқытарға мән берген жөн. Сіздерде жақсы шаруашылықтар бар. Инвестиция да құйылған. Мемлекетттік қолдауды жан-жақты пайдалану керек. Мал шаруашылығын дамыту маңызды. Ауыл азамттарын қолдау қажет», — деп тапсырды өңір жетекшісі.
Ал жұмыртқа өндірісіне келсек, өткен жылғы көрсеткішке әлі жете алмай келеміз. Қызылжар, Тайынша аудандарында жұмыртқа өндірісі төмендеген. Қызылжар ауданындағы «Якорь құс фабрикасы», «Алекри», «Адель құс» ЖШС-і сатып алған құстардың 185 800-і жарамсыз болып шыққан. Ғауез Нұрмұхамбетов аудан әкімдеріне сөзден іске көшуді, ауыл шаруашылығы басқармасына жағдайды реттеуді тапсырды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да электриктер тапшы