Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жоғары сынып оқушыларына «Закладчики. Расплата» атты деректі фильм көрсетілді. Туынды күнделікті өмірдегі өзекті мәселе негізінде түсірілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media
Туындыда есірткіні сақтаудың, таратудың және қолданудың салдары көрсетіледі. Қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері осындай бастама арқылы жастарды түзу жолда жүруге шақырады.
«Түрмеге қамалған кейіпкерлер есірткі құралдарын пайдаланған, таратқан. Бұл жақсылыққа әкелген жоқ. Қазір олар істеген істері үшін өкінеді. Егер жазасын өтеушілерге екінші мүмкіндік берілсе, заңның ала жібін аттамас еді. Біздің шараның мақсаты — есірткіге қарсы мәдениет қалыптастыру, балаларға салдарын көрсету. Бұдан нәтиже шығады деп ойлаймын», — Петропавл қалалық ЖРО жастармен жұмыс жөніндегі инструкторы Айсұлу Бекімова
Фильмді көргеннен кейін оқушылармен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор профилактикалық әңгіме өткізді. Мамандар зиянды ұнтақты сақтайтындар, тарататындар үшін қандай жаза қарастырылғанын айтты.
«Есірткі тұтыну, темекі шегу — денсаулыққа зиян. Спортшылар бұған мүлде жоламауы тиіс. Өте әсерлі фильм көрдік, жап-жас жігіттер заң бұзып, темір торға түскен. Бұлай жасауға болмайды. Одан қалды, еліткіш заттар адамдарды өлімге де әкеледі», — СҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы Никита Пиотух
«Закон в кадре» акциясы жалғасады. Алдағы уақытта қаладағы барлық оқу орнында осындай кездесу ұйымдастырылмақ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда фельдшерді балағаттаған тұрғынға айыппұл салынды

