Солтүстікқазақстандық екі жасөспірім Telegram мессенджерінде өз-өзіне қол жұмсау бойынша түрлі тапсырмаларды орындаған. Мұны облыс прокурорлары анықтады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Бас прокуратураның тапсырмасын орындау аясында кәмелетке толмағандар арасында суицидті азайтуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Осының арқасында облыс прокурорлары Telegram мессенджерінде балалар суицидін тікелей насихаттайтын 8-ден астам заңсыз контент анықтады. Қазіргі уақытта «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы осы топтарға кіру бұғатталған. Себебі, осы қосымша арқылы тапсырмаларды орындап келген балалар бар.
«Telegram» мессенджерінің мониторингімен қадағалау органы «аниме» жанрында өз-өзіне қол жұмсау бойынша тапсырмаларды орындаған екі жасөспірімді анықтады. Заңды өкілдермен сәйкес профилактикалық жұмыс жүргізілді, аталған балаларға психологиялық көмек көрсетілді және уәкілетті органдар оларды бақылауға алды», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін мектептерде ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінің директорлары мен психологтарына суицидке бейім балаларды, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде анықтау бойынша жаңа ғылыми әдістемелер мен алгоритмдер жеткізілді. Тәуекел тобындағы балаларды анықтау мақсатында сауалнамалар мен психологиялық тренингтер жалғасуда.
Суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын контенттер анықталған жағдайда «102» арнасына немесе облыс прокуратурасының сенім телефонына 8-7152-36-03-83 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Тағы оқыңыз: Өздері жұмыс істейтін серіктестіктен жанар-жағармай ұрлап келген: СҚО полицейлері үш тұрғынды ұстады