СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлға ірі көлемде есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. «Синтетиканы» өңірге екі кәсіпкер әйел жеткізген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
37 және 33 жастағы қос бизнесмен 2024 жылдың қаңтар айында қолға түскен. Тінту кезінде олардан 158 гр-нан астам α-PvP табылды. Сондай-ақ электронды таразы, орау материалы және басқа да құралдар тәркіленді.
«Сонымен қатар, ұсталғанға дейін 37 жастағы әйел Алматы қаласына барып, онда 0,5 кг-нан астам α-PvP қабылдап, осы партияны Петропавлға жеткізуді ұйымдастырған. Осылайша, екі кәсіпкер әйелден барлығы 700 гр есірткі тәркіленді. Бұл «синтетиканың» ең ірі партияларының бірі болып табылады», — делінген облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратта.
Полицейлер екі әйелдің де есірткіні заңсыз қолданудың салдары туралы өте жақсы білетіндігін атап өтті. Себебі, 33 жастағы әйелдің жұбайы «синтетиканы» сатқаны үшін жазасын өтеп жатыр.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны 11 жылға, оның сыбайласы 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да референдум кезінде 300-ге жуық полицей қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады