Солтүстік Қазақстан облысында дақылдарды түрлі арамшөптерден, зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Өңірде 2024 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы аясында егіс алқаптарын химиялық өңдеуге 11,3 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылжар ауданындағы «Елім-Қызыл жар» ЖШС-де техникалар егіс алқаптарын өңдеуге бірер күн бұрын кіріскен. Жұмыс негізінен күн батқаннан кейін жүргізіледі. Серіктестік егін және мал шаруашылығымен де айналысады. Директордың айтуынша, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде еш қиындық жоқ. Алқапта минералды тыңайтқыштарды енгізу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді.
«Қазіргі уақытта алқаптың 65 пайызын өңдеп үлгердік. Бұл жұмыстар жаз бойы жүргізіледі. Егіс алқабы 1200 гектарды құрайды. Егіс науқаны жақсы өтіп, уақытылы аяқталды. Бидай, арпа, сұлы, рапс, зығыр, бұршақ, картоп, сәбіз, қызылша егілді. 1200 гектар жеріміз техникамен толық қамтамасыз етілген. Құрал-жабдықтардың барлығы жаңа. Сыйымдылығы алты мың тонна болатын екі көкөніс сақтау қоймасын салдық. Серіктестік қаланы көкөніспен қамтамасыз етеді», — деді ЖШС директоры Олег Иванов.
Биыл облыста арамшөптерге қарсы 3,2 млн га, зиянкестерге қарсы 211,4 мың га және ауруларға қарсы 599,2 мың га аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
«Егістіктерді химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 1024,3 мың гектар жер арамшөптерге қарсы гербицидпен өңделді. 159,2 мың га немесе 26,6% жер ауруға қарсы және 126,5 мың га егістік алқабы зиянкестерге қарсы өңделді», — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Тағы оқыңыз:Елімізде егде жастағы адамдардың ең жоғары үлесі СҚО-да