СҚО-да жастарға ауқымды қолдау көрсетілуде. 2025 жылы теріскейлік ұл-қыздарды қолдауға бюджеттен 100 млн-нан астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Былтыр облыста жастарды қолдауға арналған 19 жоба жүзеге асырылды. Өңірімізде оң нәтижесін беріп отырған — «Жасыл Ел» жобасы. Оның аясында 16-34 жас аралығындағы 800-ге жуық жас жұмыспен қамтылды. Бөлінген қаржы 60 млн-ға жуықтайды.
«Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде облыстың Жастар ресурстық орталықтары маңызды рөл атқарады. 2025 жылы орталықтарға 1412 адам жүгініп, оның 947-сі жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері орталықтарға 92 адам өтініш берген.
Оның 24-і жұмысқа орналастырылды», — деді СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.
2025 жылғы 26 мамырда өңірдің және қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған алғашқы «Қызылжар жастары» әлеуметтік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыруға барлығы 700 млн теңге бөлінген. Қаражаттың жартысы жергілікті бюджеттен, жартысы «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды.
«Бағдарламаға қатысуға барлығы 134 өтінім қабылданды. Оның ішінде: Петропавл қаласынан – 115 адам, Қызылжар ауданынан – 15, Аққайың ауданынан – 1, Мамлют ауданынан – 1, Шал ақын ауданынан – 2 адам.
«Отбасы банк» АҚ мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 61 үміткердің ішінде: 45-і тұрғын үй сатып алды, 4-і қолайлы баспана таппағандықтан қатысудан бас тартты. Сонымен қатар, 10 қатысушы төлем қабілетсіздігіне байланысты біліктіліктен өтпеді, 2 қатысушы банк тарапынан біліктіліктен өтпей тұрып бас тартты. Барлығы 662 973 000 теңге сомасына 45 тұрғын үй несиесі берілді», — деді спикер.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданында тағы бір ауыл «Салауатты өмір салтын ұстанатын ауыл» бастамасына қосылды

