Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 216 адам туберкулез жұқтырған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға өскен. Ауырғандардың 11-і 17 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 17 жасқа дейінгі балалардың туберкулез жұқтыруы да 2022 жылмен салыстырғанда көбейген. Былтыр облыстың 335930 тұрғыны флюрографиялық тексеруден өткен. Нәтижесінде, 191 адамнан туберкулез ауруы анықталды. Жалпы өңірде Петропавл қаласы мен алты ауданда «Сенім-Солтүстік» үкіметтік емес ұйымы жұмыс істейді. Олар туберкулезбен ауыратын адамдарды анықтап, науқастардың құжаттарын тіркейді. Сондай-ақ олардың жақындарына психологиялық кеңес береді.
«Былтыр мәслихат сессиясында туберкулезбен ауыратындарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, маусым айынан бастап науқастарға 10 АЕК көлемінде қаражат төленеді. 2023 жылдың 12 айында 438 науқасқа 60 104 497 теңгеге көмек көрсетілді», — деді облыстық туберкулезге қарсы диспансер директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Раиса Құсаинова.
24 ақпан күні ел көлемінде «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен туберкулезге қарсы айлық басталады. Бұл Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған. Ал наурыздың 2-сі мен 16-сы аралығында облыстық туберкулезге қарсы диспансердің консультативтік-диагностикалық бөлімінде ашық есік күні өтеді. Бұл күні кез келген өңір тұрғыны флюорографиялық тексеруден өтіп, білікті мамандардан кеңес ала алады.
Тағы оқыңыз:Мәжіліс депутаты «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды