Большая Малышка ауылындағы су тасқыны қатаң бақылауда. Тасыған өзен суы бір деңгейде, үйлерге кіру қаупі жоқ. Ауыл тұрғындары, құтқарушылар мен әскерилер бірлесе ауылды тілсіз жаудан қорғап бағуда, деп жазады Qazaqstan Media.

Су тасқыны төтенше жағдайлар министрі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің үнемі бақылауында. Қазіргі кезде су басу қаупі бар аймақтарда СҚО, Қостанай мен Ақмола облыстарынан келген төтенше жағдай департментінің 300-ге жуық жеке құрамы еңбек етіп жатыр. Оған қоса Астана қаласынан да келген мамандар бар.  6637 әскери бөлімінің әскерилері суға тосқауыл қойып орнатуда. 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.

СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда
СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда

«Бөгетті су шаюдың екінші жағдайы толық жойылды.  Ауыл маңында екінші қатар топырақ үю жұмыстары жүргізілуде. Судан қауіп болмаса да, тәулік бойы инертті материалды дайындау, қаптарды дайындау жұмыстары тоқтаған жоқ. Желдің күшеюі мен толқынның пайда болуына байланысты, бөгетті пленкамен қаптау жұмыстары басталды»,- деп нақтылады СҚО ТЖД  бөлімінің аға офицері Сәбит Андыбаев.

Бұл жерде жылжымалы штаб та жұмыс істеп жатыр. Онда жағдайды бақылауға ыңғайлы болу үшін бейнекамераларға қосылған экрандар орнатылған. Барлық ақпарат Петропавл мен ТЖМ-ге беріліп отырады. Дрондарды жарты сағат сайын іске қосып, жағдайды көктен бақылау жүргізіледі.

«Жағдайды толықтай бақылауда ұстап отырмыз. Біз барлығын дрондардың және камералардың арқасында нақты уақыт көлемінде қараймыз. Жұмыстар тынымсыз жүргізіліп жатыр. Құрылымдардың жұмысы толық үйлестірілген. Басты міндетіміз-тұрғындарға қауіп төндірмеу»,- деп отыр Сәбит Андыбаев.  

«Ауылда өмір бар»

Большая Малышка ауылының тұрғыны Тілектес Көшірбаевтың жасы 68-де. Зейнеткер су тасқыны жайында да, оның салдары жайында да жақсы біледі. Сондықтан ол былтыр да, биыл да құтқарушылар мен әскерилерге  көмектсіп жүр. Айтуынша, жағдай ушықпай, бірден әрекет еткендіктен ауылды сақтап қалуға мүмкіндік бар.

«Барлығын дер кезінде істеді. Тасқынға тосқауыл қоя білді. Біз, ауыл тұрғындары шығып көмектесіп жүрміз. Бізге барлығы көмек қолын созып жатыр. Әскерилер, құтқарушылар. Тіпті басқа облыстардан да келгендер бар. Оларға алғысымыз шексіз. Күш-жігеріме қарай өзім де қолыма күрек ұстап көмектесуге тырысып жатырмын. Кейде жігіттерге ыстық шай, тамақ әзірлеуге жәрдемдесемін. Жылы лебізімді де білдіріп жатырмын», — дейді ауыл тұрғыны Тілектес Көшербаев.

Зейнеткердің үйі дөң үстінде тұр. Бірақ, ол өз үйін ғана емес,  ауылын сақтап қалуды көздейді. Себебі, туып-өскен жері қымбат.  

СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда
СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда

«Мен осы жерде тудым, өстім. Ағам да осында тұрады. Өткен жылы оның үйі тасқын суда зардап шеккен болатын. Біздің ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мықты, барлығымыз тату өмір сүреміз. Менімен қатарластар  жастарға үлгі болып, мында көмекке келді. Оны көрген жастар да шықты»,- деп отыр зейнеткер.

Тілектес Көшербаев биыл жасалған бөгет ауылды тілсіз жаудан қорғап тұр, дейді. Былтыр мұндай қорған болмапты. Нәтижесінде су басқан 70 үй апатты деп танылған.

«Былтыр бөгет болған жоқ. Биыл судан қорғап тұр. Егерде оны осындай биік етіп көтермегенде, барлық ауыл суда тұрар еді»,-дейді қария.

Бірер күн бұрын ауыл тұрғындары дүрбелеңге түсіп, барлығы тасқын судың алдын-алуға шығыпты. Тұрғындар, еріктілер бар барлығы ауылды сақтап қалуға асыққан.

«Су ауылға тез әрі бірлесе әрекет еткеннің арқасында кірген жоқ. Әкімдік мамандары да, құтқарушылар да дер кезінде көмекке келді. Қол қусырып ешкім отырған жоқ»,-дейді ауыл тұрғыны.

СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда
СҚО-да Большая Малышка ауылындағы су тасқыны бақылауда

Оның айтуынша, үйлесімді және жедел жұмыс үшін аудандық және облыстық әкімшілікке көп алғыс айту керек. Ол ауыл тұрғындарының қорқынышына себеп жоқ деп санайды. Судың беті қайтып жатыр.

«Барлығы нақты үйлесімді жұмыс істеді. Бір тәулік ішінде барлық мәселе шешілді деуге болады. Жұмыс күндіз де, түнде де жүріп жатыр.  Менің ойымша, олар өз міндеттерін абыроймен орындайды. Бізді жалғыз қалдырмағандары үшін  үшін рахмет. Олардың арқасында біз өзіміздің сүйікті ауылымызда өмір сүруге мүмкіндігіміз бар. Бізде  мектеп бар, аурухана бар. Мұның бәрі сақталған. Ауыл өмір сүреді. Ауылдың құрылғанына  260 жылдан асқан. Әлі бір жүз жылдан астам уақыт тұратынына сенімдімін»- деп қорытындылады Тілектес Көшербаев.

Большая Малышка ауылында жеті жүзге жуық адам тұрады. Барлығы 250-ден астам үй бар. Адамдарға қауіп төндірмеу үшін құтқарушылар алдын-ала эвакуация жасады. Ауылдан 148 адам, оның ішінде 24 бала шығарылды. Адамдар эвакуациялық пункттерге және туыстарына орналастырылды. Сондай-ақ қауіпсіз жерге 80-нен астам ірі қара мал жеткізілді.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы медициналық коллдежінде мектеп түлектері  үшін ашық есік күні өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *