Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты басталды. Жарысқа Петропавл қаласы мен өңірдің екі ауданынан 42 спортшы қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі дода 10 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Спортшылар төрт күн бойы өзара мықтыны анықтамақ.

«Жарысқа барлығы 42 спортшы қатысуда. Жеңімпаз атанған былғары қолғап шеберлері қараша айында өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайды. Чемпионат өңірдің тек екі ауданынан боксшылар келді. Бұл — өте өкінішті. Бәсекелестіктің болмауы аталған спорт түрінің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін», — бокстан СҚО аға жаттықтырушысы Есенгелді Көкбас.
Алғаш болып ринг төріне қос петропавлдық спортшы шықты. Төреші белгі бергеннен-ақ боксшылар шабуылға көшті. Бір-біріне оңды-солды соққы жасап, қоржындарын ұпаймен толтырудың амалын жасауда. Алғашқы раундта көк бұрыштағы спортшы басымдығын көрсетіп, рингте кімнің қожайын екенін дәлелдеді.
Екінші раунд алғашқысындай өрбіді. Көк бұрыштағы былғары қолғап шебері Мейірбек Кереев шабуылды қарша боратты. Тіпті, қарсыласын бір есеңгіретіп алды. Осылайша, чемпионаттағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

«Бокспен айналысып жүргеніме төри жылдан асты. Қазіргі таңда Петропавлдағы спорт мектеп-интернатында тәлім аламын. Жарысқа бір ай дайындалдық. Қарсыласым мықты екен. Менің кумирім — Геннадий Головкин», — деді жарысқа қатысушы Мейірбек Кереев.
Тағы оқыңыз: Елімізде сиыр етінің саудасына қатысты жедел желі іске қосылды