Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 84 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Сонымен қатар, қыркүйекте екі жаңа мектеп балаларды қарсы алады. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.

Жөндеу жұмыстарының ауқымы кең. 35 нысанда күрделі, ал 49 нысанда ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, екі балабақша, 26 жалпы білім беретін мектеп жаңартылып жатыр. Үш қосымша білім беру ұйымы және төрт техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде.

«2025 жылы білім беру нысандарын жөндеуге 4,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда барлық жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы бірінші қыркүйекке дейін жоспарланған», – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Ең ірі жоба – Тайынша ауданындағы Петров орта мектебіндегі  күрделі жөндеу. Бұған дейін аталмыш оқу ордасының ескіргендігі туралы әлеуметтік желіде айтылған болатын. Әріптестеріміз де жазған еді. Суық кабинеттер, ескірген жиһаз, тозығы жеткен еден. Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізіліпті. Қазіргі таңда мектепті толық жаңғыртуға 212,3 млн теңге бөлінді.

«Былтыр  мектептің шатыры, терезелері, кіреберісі мен электр жүйесі жаңартылды. 2025 жылы жылу, желдету, су және кәріз жүйесі, ішкі әрлеу жұмыстары және еден, есік ауыстыру көзделген»,-деді жауапты ведомствода.

Ағымдағы жөндеу 33 мектепте, 10 колледжде, үш қосымша білім беру ұйымында және үш балаларды қолдау орталығында жүргізілуде. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі білім нысандарының жалпы жөндеу қажеттілігі – 59 %, бұл шамамен 12 миллиард теңгені қажет етеді. Биылғы жөндеу жұмыстары бар болғаны 19 %-ын қамтып отыр.

Сонымен қатар, осы жылы бірінші қыркүйекте Петропавл қаласындағы Береке шағынауданында жаңа «Жайлы мектеп» ашылады. Сондай-ақ Есіл ауданының Еңбек ауылында жеке бастауыш мектеп ашылады.

Облыста сегіз мектеп жабылады

Өкінішке орай облыстың сегіз ауылындағы бастауыш мектеп жабылады.  Бұл білім ошақтарында 1–4 бала ғана оқиды.Олар:

Айыртау ауданы – Целинная бастауыш мектебі

Аққайың ауданы – Куйбышевская бастауыш мектебі

Тайынша ауданы – Краснокиевская негізгі, Любимовская және Аграномовская бастауыш мектептері

Шал ақын ауданы – Жаңаталап, Астаған және Еңбек бастауыш мектептері

«Жергілікті атқарушы органдар бұл тізімді келісіп бекіткен. Оқушылардың білім алу құқығын сақтау үшін тиісті шаралар қарастырылған: 10 оқушыны күнделікті тасымалдау, 14 балаға апталық тасымал және интернатта тұру қамтамасыз етіледі»,-деп нақтылады білім басқармасы.

Егер кейбір мектептерде оқушы саны жаңа оқу жылына дейін бес және одан жоғары болса, жабу туралы шешім қайта қаралатын болады.

Бүгінде облыста 444 мектептің 330-ы (76 %) — шағын жинақты. Оның 40 %-ы мемлекеттік нормативке сай емес. ҚР БҒМ 2022 жылғы №185 бұйрығына сәйкес, бастауыш мектептерде кемінде 5 бала, негізгі мектептерде 41, ал орта мектептерде 81 оқушы болуы тиіс.

Тағы оқыңыз: СҚО мектептерінде бухгалтерлік есеп ортақ болады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *