Солтүстік Қазақстанда жол-көлік ережесін бұзатын жүргізушілердің саны азаймай тұр. Жыл басынан бері мас күйінде рөл тізгіндеген 560-қа жуық көлік иесі жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды, Qazaqstan Media.
Мас күйінде көлік жүргізу – заңмен қатаң тыйым салынғаны қашан. Алайда көлік тізгінін ұстаған кей азаматтар бұл талапты елемей жүр. Олар бұл әрекеттерімен өз өміріне ғана емес, өзгеге де қауіп төндіреді.
«Жыл басынан мас күйде көлік тізгіндеген 559 адам ұсталды. Талапқа бағынбағандар ҚР ӘҚК 608-бабы бойынша жауапқа тартылды. Тағы 87 азамат жол-көлік ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылды», — делінген облыстық ПД мәліметінде.
Мұндай құқықбұзушылықтың бірі жақында Айыртау ауданында тіркелді. Ондаған адам отыратын автобус жүргізушісі мас күйінде тәртіп сақшыларына ұсталды. Қуанышқа орай, қоғамдық көліктің ішінде жолаушылар болмаған екен.
Осы ретте айта кеткен жөн. Ішімдікке сылқия тойып алып рөл тізгіндеген жүргізуші куәлігі жоқ жандар да жетерлік. Өңірде мұнда 14 факті тіркелген. Заңға бағынбағандардың үстінен ҚР ҚК 346-бабы бойынша іс қозғалды.
Қазіргі таңда облыста 176 мың адам да жүргізуші куәлігі бар. Ал ресми тіркелген автомобильдердің саны 198 мыңнан асады.
Тағы оқыңыз: Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды