Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 45 ауыл қысқартылады. Қазір осыған байланысты әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысы шықты. Бұл елді мекендерде 10 адамнан аз тұрады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі 24 KZ сілтеме жасап.
Санаулы тұрғыны бар ауылдар жабылып, азаматтарға жергілікті билік өкілдері «болашағы бар» деген ауылдарға көшуге көмектеседі. Өңірде жабылайын деп тұрған ауылдың бірі Краснопёровка. Кезінде бұл елді мекенде 120 үй болған. Тоқырау жылдары кеңшар тарап, жұмыссыз қалған тұрғындар жан-жаққа көшіп кеткен. Соңғы сегіз жыл мұнда екі-ақ адам тұрады. Солардың бірі -Атлас Файрушин. Ол осы ауылға 90-жылдары көшіп келген. Қазір әйел, бала-шағасы қалада тұрады. Ал өзінің көшкісі жоқ. Елде азын аулақ қой ұстайды. Ескі болса да тракторы бар.
«Мен өзім қалада тұра алмаймын. Көп болсам, қан қысымым көтеріліп кетеді. Кезінде бұл үлкен ауыл еді. Кеңшарда 12 мың мал болды. Қазақ, орыс, татар – бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік»- дейді Атлас Файрушин.
Солтүстік Қазақстан облысында биыл адам саны оннан аспайтын 45 елді мекен қысқартуға ұшырайды. Бұл мәселе облыстық әкімдік, мәслихат пен қоғамдық кеңесте қаралып, тиісті қаулы шығарылды.
«Бұл ауылдарда 10 адамнан кем тұрады. Орташа есеппен жалпы мысалы үш адам тұратын бар, бес адам тұратын ауылдар бар. Осы 45 ауылдың ішінде жетеуінде мүлде тұрғын жоқ. Бұл азаматтарға басқа перспективасы жоғары ауылдарға көшуге көмек көрсетіледі. Заң бойынша 50 адамнан аспайтын ауылдар жабылуы тиіс. Оларға экономикалық тұрғыдан қаржы бөлу тиімсіз болып саналады. Қазір облыста осындай 141 елді мекен бар», -деп түсіндірді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда сотталғандарға электронды білезіктерді жиі қолдана бастаған