Өңір жолдарында жыл басынан бері 327 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 113-інде жаяу жүргіншілерді көлік қағып кеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апатының 25-і жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыруға бағытталған рейдтерден бөлек, тәртіп сақшылары жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына ден қойған. Өткен аптадан бастап полицейлердің ұсыныстары бойынша оқу орындары мен адам көп жиналатын орындарға жақын орналасқан Петропавл көшелерінде жол белгілері жаңартыла бастады. Жол белгілері жарықдиодты шамдармен жабдықталған. Облыс орталығының жол желісінде жарықдиодпен жарықтандырылған барлығы 46 жаяу жүргінші өткелі орнатылған. Қазір тағы 10-ы іске қосылады.
«Жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де жолда мұқият болулары керек. Жаңа оқу жылының қарсаңында мектептер мен колледждердің маныңда 15 қосымша жасанды кедергі, қажетті жол белгілері орнатылып, олар ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ жол үстіне таңбалар салынуда. Бұл бағытта жұмыстар жалғаса беретін болады», — деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.