Солтүстік Қазақстан облысында балалар арасында кең таралған «лас қол ауруы» — энтеробиозды жұқтыру фактісі көбейіп барады. 2025 жылдың алғашқы бес айында өңірде бұл паразиттік аурудың 102 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24%-ға көп, деп жазады Qazaqstan Media.
Энтеробиоз — баланың ішегінде түйреуіш тәрізді құрттардың паразиттік тіршілігіне байланысты туындайтын ауру. Бұл дерт көбіне балалар ұжымдарында – балабақшалар мен мектептерде таралады. Себебі, ауру лас қол арқылы, ойыншықтар, тұрмыстық заттар және жуылмаған тағам арқылы жұғады. Оның солтүстікқазақстандық бүлдіршіндер арасында көбейіп жатқанын санитар мамандар айтып отыр.
«Басты белгі – анальды аймақта түнгі қышу. Сонымен қатар, баланың тәбеті төмендеп, іші ауырып, салмақ қоса алмай, тез шаршайды. Ата-аналар мен тәрбиешілер бұл белгілерге дер кезінде мән беруі қажет. Диагноз зертханалық жолмен қойылады – таңертең, жуынар алдында алынған қырнама немесе із талдауы арқылы. Дәл диагноз қою үшін бұл процедура бірнеше рет қайталанады», — дейді облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Лас қол ауруын арнайы дәрілермен емдеу керек. Бірақ ең бастысы – жеке гигиена. Қолды жиі жуу, тырнақты қысқа қию, іш киімді күнде ауыстыру және жеміс-жидектерді мұқият жуу – энтеробиоздан сақтанудың тиімді жолы. Дәрігерлер ата-аналарға балаларды гигиенаға ерте баулуға шақырады. Себебі, энтеробиоз – тек бір баланың емес, бүкіл топтың денсаулығына қауіп төндіретін ауру.
Энтеробиоз – облыс аумағындағы ең кең таралған гельминтоз болып табылады. 2025 жылдың бес айында 102 энтеробиоз жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға көп. Оның ішінде 99 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір күнде 16 өрт фактісі тіркелді