Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын компанияға тиесілі ғимараттардың бірінде өрт шықты. Қызыл жалын 280 шаршы метр аумаққа таралып, 280 шаршы метр аумақ жанып кетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өрт бүгін таңғы сағат 5.34-те СҚО Ақжар ауданындағы Восходское ауылында орналасқан «Талшық Астық Агро» ЖШС-ға тиесілі ғимараттардың бірінде болған. Ал жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімі 72 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан мамандар жеткенше қызыл жалын 280 шаршы метр аумаққа таралып, нысан толығымен жанып кеткен.
«Өрт 7.50-де ауыздықталып, 8.20-да толығымен сөндірілген. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынды ауыздықтауға бес өрт сөндіруші мен 1 техника қатысқан. Сондай-ақ ауылда жасақталған өрт сөндіру бекетіндегі 3 маман мен 1 техника да тартылды», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Қызыл жалынмен ауыл тұрғындары да күрескен. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Алдын ала болжам бойынша от жылыту пешін орнату кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан тұтанған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ел бойынша ең көп тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр