Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау басталды. Шараны ұйымдастырушы — «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аталған олимпиада – жай ғана зияткерлік сайыс емес. Бұл – әрбір ауыл оқушысына өз қабілетін танытуға, табандылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Сайыстың мектепішілік кезеңіне 2500-ден астам оқушы қатысқан. Аудандық ақыл-ой жарысында 1900-ге бала өнер көрсетті. Ал облыстық кезеңге 700-ден астам ғана ұл-қыз жолдама алды.
Барлық оқушыларға тең мүмкіндік жасау мақсатында биыл облыстық кезең алғаш рет сегіз локацияда: Петропавл қаласы мен жеті аудан орталығында өтті. Бұл шалғай ауылдардағы балаларға да өз үйінен алысқа шықпай-ақ Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берді.
Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша барлығы 174 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды. Сондай-ақ сегіз оқушы алғыс хаттармен марапатталды. Зияткерлік сайыста Айыртау ауданының жастары басқаларынан оқ бойы озық болды.
Олар 37 жүлде иеленіп, 2025–2026 оқу жылының Үздік олимпиадалық командасы атанды!
«Біз ауыл оқушыларының зияткерлік сайыстарға деген қызығушылықтары артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде біздің облыстың құрамасы екі бағыт бойынша жасақталды. Олар: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық. Қараша–желтоқсан айларында балалар республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды. Айта кету керек, соңғы екі жыл қатарынан біздің өңір ел бойынша үздік үштікке еніп келеді. Ең қуаныштысы, былтыр облыс оқушылары “Ауыл мектебінің үздік оқушысы” атағына ие болды», — деді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдулина.
Тағы оқыңыз: Айыртау ауданы Саумалкөл ауылындағы қаңырап тұрған көпқабатты үйлер жөндеу көреді

