СҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындардан 134 өтінім қабылданыпты. Олардың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы «Солтүстік» ӘКК АҚ бөлім басшысы Талғат Жұмабеков мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 43 жобаға 477,7 млн теңге бөлінген. Бағдарламаға облыстың барлық аудандарының тұрғындары қатысыпты. Жерлестеріміз мал,өсімдік өсіру үшін, туризм және балық өндіру үшін ақша алған. Сонымен бірге, жиһаз жасауға арналған жабдық сатып алу, автожуу ашу сияқты бағыттарға да қаржы берілген.
Жалпы, 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысына республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.
Биыл бағдарламаға қатысу талаптары өзгерген. Енді микрокредит алуға жұмыссыз азаматтар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Сонымен қатар, қызметін уақытша тоқтатқан жеке кәсіпкерлер де өтініш берсе болады. Отбасылық кәсіпте ақысыз еңбек ететін адамдар, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіріп, сатумен айналысатын тұлғалар қатыса алады.
«Микрокредит мақұлданғаннан кейін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Келісімшарт мерзімі бойы осы мәртебені сақтауы тиіс. Сондай-ақ бизнес жобасы қарыз алушы тіркелген жерде жүзеге асырылуы қажет. Бағдарлама аясында ғимараттар мен тұрғын үйлерді сатып алу немесе салу, оларды жалға беру, жеңіл автокөлік алуға болмайды. Жақын туыстардан ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудаға несие беруге тыйым салынады»,- дейді Талғат Жұмабеков.
Микрокредиттің ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК-ке дейін (10,8 млн теңге). Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және кооперативтерді дамыту жобалары үшін – 8 000 АЕК-ке дейін (34,6 млн теңге).
Несие мерзімі ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнеске – 5 жылға дейін. Ал ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласына – 7 жылға дейін беріледі. Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 12 айдан аспайды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда Нипах вирусы анықталған жоқ

