СҚО-да аудандық әкімдіктер мамандарды Петропавлда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен іздеуде
Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші жандар бір алаңда тоғысты. Петропавлда кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған аудандық әкімдіктер де қатысып, өздерінде бар жұмыс орындарын ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жәрмеңкеге барлығы 30-ға жуық ұйым өкілі қатысты. Ұйымдастырушылар шараға 800-ге жуық адамды шақырған. Барлығы – «Еңбек мобильділігі және «Мансап» орталықтарында тіркеуде тұрған жандар.
СҚО-да аудандық әкімдіктер мамандарды Петропавлда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен іздеуде
«Мұндай шараларды ай сайын өткіземіз. Жәрмеңке тек қалада ғана емес, облысымыздың барлық аудандарында өтіп жатыр. Қазіргі таңда тұрғындар жұмыссыз ретінде тіркелуі үшін орталыққа келуі міндет емес. Адамдар сағаттап кезек күтпей-ақ электронды форматта өздерінің түйіндемелерін жібере алады»-, деді қалалық «Мансап» орталығының бөлім басшысы Татьяна Адилова.
Шараға тіпті, облысымыздағы алты аудан әкімінің аппаратынан мамандар келген. Олар мемлекеттік қызметке жастарды іздейді. Мәселен, Жамбыл ауданында жастарға арналған 12 бос жұмыс орны бар.
СҚО-да аудандық әкімдіктер мамандарды Петропавлда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен іздеуде
«Жалақы 200 мыңнан басталады. Еңбек өтіліне қарай өсе береді. Егер ауылдық округке жұмысқа орналасса түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қомақты ақшалай көмек ала алады. Біз өз ауданымызда өткен жәрмеңкелерге де тұрақты түрде қатысып тұрамыз»-, деді Жамбыл ауданы әкімінің аппаратының инспекторы Бахытжан Ілиясов.
Теріскейде жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте дәлел ретінде сандарды сөйлетсек, 2024 жылы 20 мың солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапқан. Оның төрт мыңы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа тұрыпты.