Петропавлда «Тиолайн» тау-кен байыту комбинатының басшысы Виктор Долгалев пен оның баласы және тағы екі азаматқа қатысты сот ісі аяқталды. Оларға тағылған айып бойынша қылмыс құрамы анықталмаған. Сондықтан алқабилер айыпталушыларды ақтап шықты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Виктор Долгалевты көпшілік Тайынша ауданындағы «Тиолайн» тау-кен байыту комбинатынан біледі. Ол ҚР Қылмыстың кодексінің 334, 214 және 367 баптары бойынша күдікті деп танылып, қамауға алынған болатын. Виктор Долгалевпен бірге оның баласы Данилға және тағы екі тұлғаға қатысты іс қозғалды.
Виктор Долгалев Тайынша ауданында титан-цирконий өндірумен айналысады. Ол 2006 жылы қазіргі өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен 18 жылға келісімге отырған. Осы уақыт аралығында ол қазынаға салық төлеп, әлеуеметтік жауапкершілік міндеттерді орындау керек болған. Алайда, оның барлығы қағаз жүзінде ғана қалып қойған.
Отбасылық бизнестің бастауы
Осылайша, серіктестік 20 жылға жуық тау-кен өндірісімен айналысқан. Айта кету керек, титан-цирконий өнімі ракета, энергетика және электроника саласында пайдаланылып келеді. 2019 жылы серіктестік ішіндегі басшылар арасында келіспеушілік туындап, сол жылы Виктор Долгалев ұлы Данилдың атына басқа атаумен кәсіпорын ашады. Ол – «Обухов тау-кен байыту комбинаты» ЖШС. Осы кезден отбасылық бизнес басталады. Олар құрылтайшылардың қатысуынсыз өздері істерін дөңгелеткен.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2021 жылға дейін әкесі мен баласы кенді өндіріп, өндірілген концентратты сатудан тұрақты табыс тапқан. Бірақ олар келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамады. Бұл 2021 жылдың 19 наурызында шарттың мерзімінен бұрын тоқтатылуына әкелді. 10 сәуірде барлық өндіру операциялары тоқтатылды. Ол жайында Виктор Долгалевқа хабарланған.
Бірақ, белгілі болғандай, бұл шешім елеусіз қалып, тау-кен өндірісі тоқтамаған. Оған қоса, прокуратураның мәліметінше, кен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінде өндірілген. Осылайша, тергеу мәліметтері бойынша, Долгалев 2021 жылдың 10 сәуірінен 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін кенді заңсыз өндірген. Екі жыл тоғыз ай ішінде «Тиолайн» ЖШС 1,6 млн тонна титан-цирконий кенін өндірді. Мемлекетке келтірілген залал 3, 99 трлн теңгеге жетті.
Ұлының атына компания ашып, заңсыз бизнес жүргізген Долгалевпен «Тиолайн» ЖШС өзге құрылтайшылары арасында бірнеше соттасу фактілері болды. Осы келеңсіздікті жою үшін 2023 жылы адвокат Сағат Құрманбаев пен Тимур Сәдуақасов Виктор Долгалевқа шенділерге пара беруді ұсынған. Осылайша істі өз пайдаларына шешпек болады. Бұған Долгалев келіскен. Алайда, ойлары жүзеге аспай, барлығы қамауға алынды.
Виктор Долгалевке заңсыз тау-кен өндіргені үшін, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруғаны үшін айып тағылды. Оған қоса аса ірі залал келтірді деп айыпталды. Сондай-ақ Виктор Долгалев арандатушылар арқылы шенеуніктерге аса ірі көлемде пара беруге қастандық жасады деп айыпталуда. Осындай айып оның баласы Данилға да қатысты тағайындалды. Сағат Құрманбаев пен Тимур Сәдуақасов лауазымды тұлғаларға аса ірі пара беруге итермелеп, алаяқтық жасады деп айыпталуда.
Сот шешімі
Сот отырысы алқабилерінің қатысумен өтті. Олар істі жан-жақты саралап, өз дауыстарын берген. Осының негізінде сот төрт айыпталушы, яғни Виктор және Данил Долгалевты, Сағат Құрманбаев пен Тимур Сәдуақасовты кінәсіз деп тапты.
«Долгалев Виктор Иванович ҚР ҚК 334 бабының үшінші бөлігі, үшінші тармағы, 214 баптың екінші бөлігі, екінші тармағы, 367 баптың 4 бөлігі бойынша кінәсіз деп табылсын. Долголев Данил Викторович 334 баптың үшінші бөлігі, 214 баптың екінші бөлігі бойынша кінәсіз деп танылсын. Олар қылмыс құрамы анықталмағандықтан, ақталсын. Сағат Құрманбаев пен Тимур Сәдуақасов та кінәсіз деп танылсын. Олар сот залынан босатылсын», — деген үкім шығарды СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судья Дастан Исмаилов.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Қазақтың беташары ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енді