Соңғы күндері петропавлдық жүргізушілер АИ-95 маркалі бензинді іздеп әуреге түсті. Кейбір жанар-жағармай станцияларында бензин мүлдем болмаса, кейбірі тек талонмен ғана өткізуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс аумағында 114 жанармай құю станциясы жұмыс істейді, оның 39 — ы Петропавлда, қалғандары аудандарда орналасқан. Ең сұранысқа ие АИ-92 және дизель отыны еркін және үзіліссіз сатылып жатыр.
Ресми ақпарат бойынша, АИ-92 бензинінің қоры шамамен 11 күнге жетеді, бағасы литріне 218-225 теңге. Аймақтың дизельмен қамтамасыз етілуі – 13 күн. Оның бір литрі 315-тен 323 теңге аралығында.
Жоғары маркалі АИ-95 бензинінен келетін болсақ, оны Qazaq Oil, Helios және Shelf жанармай құю бекеттерінде еш қыиндықсыз сатып алуға болады.
Алайда, «Эталон АВТО-ның» үш жанармай құю бекеттерінде ол тек талон және карталар бойынша жіберілуде. Қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан Trassa желісінің алты жанармай құю станциясында да осындай жағдай сақталған. Жауапты басқарма «бұл уақытша жағдай», деп отыр.
«Новоишимскіде Qazaq Oil желісінің екі жанармай құю станциясы жұмыс істейді. Біреуі сыртта, екіншісі орталықта. АИ-95 маркалы бензинді сату сырттағы бекетте толық жүріп жатыр. Орталықтағы жанармай құю станциясында АИ-95 маркалы бензинге арналған сорғы істен шыққан. Сондықтан бұл отынды сату тоқтатылды»,-деді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Амрин.
Басқарма басшысы АИ-95-тің қамтамасыз етілуі 17 күнді құрайды деп отыр. Оған қоса, отынның жеткілікті көлемі жолда келе жатыр екен. Содан кейін барлық бекеттерде бензин қолжетімді болады. Солтүстікте АИ-95 бензинінің бағасы литріне 262 теңгеден 279 теңге арасында сақталған.
Тағы оқыңыз: Премьер-министрдің орынбасары «Ботай» монументіне оң бағасын берді