Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашлығы саласында бірнеше былықтың беті ашылды. Бұл прокурорлардың тексерісінен кейін анықталып отыр. Оның ішінде орман қорын қалпына келтіру, жерді кеңейту үшін ағашты кесу фактілері бар, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан прокурорлары табиғат қорғау заңнамасының орындалуын тексеріп, бірнеше олқылықтың бетін ашты. Мәселен, аграрийлер орманға аммиак төгіп, жасыл желектерге зиян келтірген. Бұл фактілер бойынша орман шаруашылығы басшылары шара қолданбаған. Сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің Экологиялық кодексті елемеуі орман алқабының аумағында аммиактың төгілуіне әкеліп соқтырды, соның салдарынан орман қоры бүлінген. Бұл ретте, орман мекемесі залалды өтеу бойынша уақытылы шаралар қабылдаған жоқ.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекетке 53,2 млн теңге залал өтеліп, орман мекемесінің төрт директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлайды СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, қадағалаушы орган мамандары «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының тиісінше орындалмауы, оның ішінде есепке алынбаған ормандар бойынша жұмыстың болмауы сияқты өрескел бұзушылықтарды анықтаған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының лауазымды тұлғалары 2006 жылдан бастап, Петропавл қаласының жерін кеңейту үшін орман алқаптарын алып қою фактілері бойынша да шаралар қабылдамаған. Өндірістік шығын 53 млн теңге шамасында.
«Ақан-сері», «Бұрлық», «Мамлют» және «Есіл» орман шаруашылықтары Кодекс талаптарын бұза отырып, 2023 жылы орманды молықтыру көлемін ұлғайту бойынша көрсеткіштерге қол жеткізбеген.
Сонымен қатар, прокуратураның ұсынысы бойынша мемлекеттік орман қорына кірмеген орман алқаптарын есепке алу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Тағы оқыңыз: Желтоқсан айында маслихат депутаттарының сайлауы өтеді