Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушылары арасында Абай оқулары мен Абайтану олимпиадасы өтті. Республикалық сайысқа 60-қа жуық бала қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абайдың 180 жылдығына орай қос бірдей байқау өтті. Ол — Абай оқулары және Абайтану олимпиадасы. Қос сайысқа аудандар мен облыс орталығындағы мектептердің оқушылары қатысты. Бірі ақынның қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтса, енді бірі әндерін шырқады. Шал ақын ауданынан келген Алина Высоцкая Абай әндерін орындап бермек. Сегізінші сынып оқушысы ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін дайындап келген.

«Мен Сергеевка қаласындағы Е. Шайкин атындағы мектеп-лицейде оқимын. Орыс тілді сыныпта оқысам да, қазақ әндерін, әсіресе патриоттық әндерді айтқан ұнайды. Бала кезімнен түрлі байқауларға қатысып келемін. Абай оқуларына да бірнеше жыл қатарынан қатысып жатырмын. Жүлделі орындар да алдым. Осы жолы да жеңіске жетіп, республикалық кезеңге өтемін деп үміттенемін. Байқауға төрт ай дайындалдым. Негізі Абайдың әндерін шырқау жеңіл. Сөздері де тез жатталады. Мен «Желсіз түнде жарық ай» әнін бір-екі күнде-ақ дайындап, бірден алып кеттім», — дейді Алина Высоцкая.
Ал Мамлют ауданы Бостандық орта мектебінен келген Сандуғаш Қайырбек ақынға арнаған туындыларын әділқазылар алқасына ұсынбақ. Бұл оқушы қыздың аталмыш байқауға үшінші рет қатысуы. Екі жыл қатарынан екінші орынды місе тұтқан Сандуғаш, биыл бас жүлдеден үмітті.

«Абай оқуларында балалар тәлім-тәрбие алады. Өздерінің бақтарын сынап, дарындарын аша алады. Оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген номинацияға қатысамын. Абай Құнанбаевқа арнау өлеңдерімді әкелдім. 18 буындық, аллитирация стилінде өлең шығарып әкелдім. Кейін әділқазылар алқасы байқау барысында тапсырма береді, соны орындаймыз. Қобалжу бар, бірақ өзіме сенімдімін», — деп ойымен бөлісті 11-сынып оқушысы.
Абайтану олимпидасында оқушылар ауызша да, жазбаша да тапсырмалар орындайды. Оған 13 бала қатысуда. Ал Абай оқуылары алты аталым бойынша өтті. Онда 40-тан астам бала әдебиетке, ұлы ақынның шығармашылығына деген махаббаттарын дәлелдеді.
Олимпиаданың ресупбликалық кезеңі Астана қаласында, оқулар Абай облысында өтетін болады. Қос сайыстың жеңімпаздары облыс намысын қорғауға осы қалаларға аттанады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жасөспірімдер арасында қылмыс саны азайған