Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында жолдарды жөндеуге қатысты көптеген бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 2020 жылдан 2024 жылға дейін 212 млн теңгеден астам сомаға 48 жол учаскесі жөнделуі керек болған. Бірақ, іс жүзінде жұмыс атқарылмапты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстың он ауданында және Петропавл қаласында паспорты жоқ жолдар бар. Бұл олардың жағдайын есепке алуды қиындатады. Сонымен қатар, 21 ауылішілік жолға төселетін инертті материалдар көлемін нормативтік құжаттардың талабын бұза отыра, арттырған. Бұл 208,3 млн теңге шығынға әкелді.
«Мысалы, Ақжар ауданындағы Қызылту ауылындағы жолдарды орташа жөндеу үшін 341,3 млн теңге бөлінген. Сметалық құжатта 7,2 шақырым жолға 8,1 мың текше тас қарастырылыпты. Ал норма бойынша 3,6 мың текше болуы керек. Ақшалай шығын 23,9 млн теңгені құрап отыр», — деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Сондай-ақ жергілікті билік құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған келісімшарттарға кепілдік мерзімдерін енгізбеген. 8,1 млрд теңгенің 39 келісімшартында мұндай шарттар жоқ. Ал 2,2 млрд теңгенің 20 келісімшартында кепілдік мерзімі небәрі 12 айды құрайды.
Бюджетке құрылысы ұзаққа созылып кеткен жол учаскелері де қосымша салмақ түсіріп отыр. Айтар болсақ, ол 2017 жылдан бері қайта жөндеуден өтіп келе жатқан Петропавл мен Ресейдің Қорған қаласын байланыстыратын жол. Бұл республикалық маңызы бар тасжол. Алғашқы жоба құны 13,2 млрд теңге болатын. Қазіргі кезде ол 19,3 млрд теңгеге дейін өскен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 254 аула жөндеуді қажет етеді