Солтүстік Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін 40 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ 60 ауылда суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев AMANAT партиясы жанындағы өңірлік даму кеңесінде баяндады. Оның сөзінше, 41 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 33 млрд теңге қаржы бөлінбек. Бүгіндері құны 4 млрд теңге болатын 23 жобаға қолдау көрсетілген.
«2024 жылы сумен қамтамасыз ету және су тарту саласын дамытуға 22,7 млрд теңге бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар 10,9 млрд теңгеге 37 жобаны жүзеге асыруда. Су ресурстары комитетінің желісі бойынша 11,2 млрд теңгеге 9 топтық су құбырының құрылысы мен қайта жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. Жалпы, бұл жұмыстар 15,7 мың адамнан тұратын 108 елді мекенді қамтиды», — деді Қанат Дүзелбаев.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында таза ауыз су 505 ауылда бар, онда шамамен 265 мың адам тұрады. Әлі де 13,5 мың адам суға қол жеткізе алмай отыр. Жалпы, өңір халқының таза ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі 97 % құрап отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы ең алыс ауданда жаңа емхана ашылады