Солтүстік Қазақстанда 17 бала тәрбиелеп отыған отбасы бар. Балалардың 10-ы асыранды. М.Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталмыш жанұямен жолықты. Сонымен қатар, бірқатар нысандарды аралап, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Өңірде көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов М. Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары барысында, «Нурсен Агро» ЖШС егіс алқаптарында диқандармен кездесті.
Сонымен қатар, ауданда жол бойы сервисі дамуда. «Эталон-Маркет» жанармай құю станциясы жаңартылған. Бұл жобаға 500 млн.теңге инвестиция құйылыпты. Сондай-ақ, 25 адам еңбек ететін «Азия Woods» ағаш өңдеу цехы табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорын ағаш көмірін, жаңқа, брикет пен поддондар шығарады.

Өңір басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан жұртшылығымен көшет отырғызуға да қатысты. Жалпы мұнда 23 мың ағаш егілмек.
Ауданда инфроқұрылымды жаңарту да қолға алынған. Мәселен Успенка ауылындағы су мәселесін шешу үшін 2,5 шақырым таратушы су желісі тартылмақ. Сонымен қатар, су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту Лебяжье, Достық, Октябрьское, Қарағанды, Қарақоға және Булаево елді мекендерінде де жүргізілуде.
Сулышоқ ауылында облыс әкімі шағын орталық пен демалыс орталығында болды. Нысандарды жергілікті шаруа Қайрат Жәнібеков салған. Сондай-ақ аталмыш ауылда өзгенің балаларын бауырына басқан екі отбасы тұрады. Мәселен Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева қазір 17 баланың ата-анасы. Жеті бала туған, 10-ы асыранды бала.

«Ауылда көпбалалы отбасылармен ерекше кездесу өтті. Гүлнұр Ахаева мен Асхат Нүсіпов 17 бала тәрбиелеп отыр, оның 10-ы – асыранды. Нұркен Нұрсейіт пен Сарагүл Бейсебаева 9 баланы өсіріп жатыр, олардың төртеуін асырап алған. Бұл отбасылардың балаларға деген шексіз қамқорлығы– зор құрметке лайық», — деп жазды облыс әкімі.
Аудан орталығы Булаевода мектеп-бөбекжай кешені күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жақын арада жас техниктер үйі, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназия және «Березка» балалар лагері де жаңартылмақ.
Сапар соңында мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу және көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстау рәсімі өтті.

Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық квест-ойыны өтті