Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінде тағайындау. Бір ай бұрын қызметтен кеткен Асхат Жақыпбековтың орнын Бақдәулет Махмуд басты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Бақдәулет Махмуд 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ол 2001 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2004 жылы Орталық Азия университетін тәмамдаған.
Қызмет жолын 2002 жылы қаржы полициясы органдарында бастаған. Әр жылдары түрлі лауазымдарда, соның ішінде басшылық қызметтерде жұмыс істеген. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер органдарында еңбек еткен. 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде жұмыс істейді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Қызмет барысында Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және құқық қорғау органдарының ведомстволық наградаларымен марапатталған.
Айта кетейік, осыған дейін ведомствоны басқарған Асхат Жақыпбеков бір ай бұрын қызметінен кеткен болатын. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментін 2023 жылдың тамызынан бастап басқарған болатын.
Тағы көріңіз: СҚО-да бұрын сотталған азамат екі адамды өлтіріп, өртеп жіберген