демалыс орны

Солтүстік Қазақстан облысында жазда халық демалуға көп баратын орындардың бірі – Меңгесер көлі. Мұнда көрші Ресейден де арнайы келіп, ем қабылдайтындар бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Меңгесер көлінің қасиеті өңір тұрғындарына бұрыннан таныс. Жаз басталысымен дертіне шипа іздеген жұрт осы демалыс орнына қарай ағыла бастайды. Емдік қасиетке мол көл суына түсемін дегендердің қатары жыл санап артып келеді. Меңгесер көлі Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында орналасқан. Жалпы ауданы – 3360 гектар. Ең терең жері небары 60 см ғана.

Жергілікті тұрғындардың арасында көлдің пайда болуына қатысты әдемі аңыз тараған. Айтуларынша, баяғыда бір кедей батыр өте бай отбасынан шыққан бойжеткенге ғашық болады. Кейін қыз да ұнатып, олар жасырын түрде кездесе бастайды. Өйткені қыздың отбасы олардың үйленуіне қарсы болған. Бірақ қыздың ағалары олардың кездесіп жүргенін біліп қалып, батырды өлтіреді. Қаза тапқан батыр кейін бұлаққа айналады. Ал қыз сүйіктісін жоқтап, күнде бұлаққа келіп жылайды. Оның көз жасынан бұлақтың жанында орналасқан көл тұзды көлге, ал бойжеткен қайғыдан қара құсқа айналады. Қара құс әлі күнге бұлақтан су ішуге келеді екен. Халық көлге бара жатқан жолда қара құс кездессе, «оған барудың қажеті жоқ, өйткені бұл көл сізге пайда әкелмейді» деп, кейін қайтады екен.

Көл суының құрамын жергілікті ғалымдар да талай рет зерттеген. Бұл іспен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Наталья Белецкая, медицина ғлымыдарының докторы Жанбатыр Сартаев, биология ғылымдарының кандидаты Павел Дмитриев, география ғылымдарының магистрі Иван Фомин айналысқан. Судың құрамы – хлоридті, балшығы – күкіртсутекті. Мұндай суды бальнеологиялық мақсатта ванна түрінде пайдалануға болады. Көл түбіндегі емдік балшық тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына көмектеседі. Гинекологиялық, жүйке аурулары, метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы болуы мүмкін. Бұл көлдегі балшық қара түсті, құрғаған кезде ашық сұр түске айналады, күкіртсутектің өткір иісі бар.

Мамандардың айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруы барларға, екі жасқа дейінгі нәрестелерге, ауру асқынғанда, екіқабат әйелдерге, қатерлі ісігі барларға балшықпен емделуге тыйым салынған.

демалыс орны

Петропавлдан 83 шақырым қашықтықта орналасқан су айдынына жеңіл көлікпен 1-1,5 сағатта жетуге болады. СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Петропавлдан Меңгесер ауылына автобус жүреді. Билет құны – 1,5 мың теңге.

«Бұл көл – белсенді бальнеологиялық әсері бар сульфидті балшықтың жеткілікті қоры сақталған бірегей балшық кен орны. Бұрын мұнда халықтың демалуы үшін жағдай болмады. Көлдің жағасын абаттандыру және келушілерге ыңғайлы ету үшін «Меңгесер» жеке кәсіпкерлігі демалыс базасын салды. Бұл жерде демалыс маусымы шілде айында басталып, тамыздың ортасына дейін жалғасады. Демалыс аймағында жазғы дәмхана, 4 орындық монша жұмыс істейді. Дәретханалар, киім ауыстыратын, жуынып-шайынатын кабиналар орнатылған. Футбол-волейбол және балаларға арналған ойын алаңы бар», – дейді басқарманың туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.

Қызылжар өңірінің мақтанышына айналған бұл аймақта 42 демалыс орны жұмыс істейді. Бағасы қолжетімді. Еліміздің әр өңірінен автобуспен, пойызбен, ұшақпен де жетуге болады. Көлге шомылып, таза ауасын жұтып, табиғи, тарихи, археологиялық мұраны тамашалауға мүмкіндік бар.

Мұнда палатканы, мангалды, төсек-орынды жалға алуға болады. Сондай-ақ, шезлонгтар мен беседкалар да беріледі. Демалыс аймағына көлікпен кіру 1,5 мың теңге тұрады. Мұндағы киіз үйді бір күнге жалға алу 10 мың теңге, шезлонг – 500 теңге, моншаның бір сағаты 3 мың теңге, мангал – 3 мың теңге. Ал өзіңмен бірге әкелген палатканы, мангалды тегін орнатып, пайдалануға болады. Кейінгі кезде Меңгесер көлінің танымалдығы артып келеді. Қазір мұндағылар Меңгесер көлні туристерді қабылдауға дайындап жатыр. СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, былтыр демалыс аймағында 62,5 мың адам демалған екен. 

Тағы оқыңыз: СҚО-да газ 81-86 теңгеге дейін қымбаттайды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x