Елімізде мемлекеттен субсидия алу үшін жалған ақпарат беретіндер көбейген. Мұндай фактілерді ауыл шаруашылығы саласында тексеріс жүргізген арнайы комиссия анықтады. Олар бес млн-нан астам малдың қағаз жүзінде ғана барын тіркеген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс деді өз жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев. Себебі, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіреді.
«Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», — деп айтып өтті мемлекет басшысы жолдауда.
Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады.
«Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн», — деді президент.
Тағы оқыңыз: Жаңа Салық кодексін қабылдау келесі жылға қалдырылды