Уәлиханов ауданы көктемгі су тасқынына дайындық шараларын күшейткен. Мұнда екі елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан қазір ауданда қар шығару жұмыстары қарқын алып, қорғаныс бөгеттері нығайтылып жатыр. Атқарылған өзге жұмыстар жайында Qazaqstan Media тілшісіне аудан әкімінің орынбасары Дархан Бейсембин айтып берді.

Биыл Уәлиханов ауданында жауын-шашын мөлшері нормадан 30-34% — ға көп түскен. Қар жамылғысының биіктігі 31-35 см құрайды. Жылда көктем жақындаған сайын аудандағы Қулыкөл мен Қаратал ауылдарының тұрғындары жандарын шүбірекке түйіп отырады. Өйткені, нақ осы екі елді мекен қауіпті аймақта орналасқан.

«Сілеті су қоймасынан көп мөлшерде су жіберілген жағдайда Қаратал ауылындағы 53 үйді және Қулыкөл ауылының батыс бөлігінде орналасқан 39 үйді су басу қаупі бар. Оларда 391 адам тұрады. Сондай-ақ тасқын су келсе мұндағы 16 мыңнан астам мал басы эвакуацияланады», — деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Дархан Бейсембин.

Елді мекендерді су шайып кетпес үшін қазір Қулыкөл мен Қаратал ауылдарындағы қорғаныс бөгеттері нығайтылып жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 11 шақырымды құрайды. Сондай-ақ Бидайық-Өндіріс-Жұмысшы-Жамбыл автожолындағы 3 бірдей су өткізгіш құбыр ауыстырылды.  

Су тасқыны: Уәлиханов ауданында дайындық күшейтілген

Айта кетейік, ауданда 207 су өткізгіш құбыр бар. Наурыз айында күн жылынып, қар ери бастағанда олардың барлығы күл-қоқыстан тазартылады.

«Су тасқынына дайындық шараларын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 50 млн 807 мың теңге бөлінді.  Оның 20 млн 100 мың теңгесі қар шығару, мотопомпалар мен жанар-жағармай сатып алуға бағытталған. Тағы 30 млн 707 мың теңге төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға  бөлінді. Сондай-ақ эвакуациялық пунктерге 525 төсек-орын жинақтарын алынды. Оған 11 млн 814 мың теңге қаржы жұмсалды», — деп айтып өтті спикер.

Бүгіндері аудан аумағынан 1480 текше метр қар шығарылған. Өзен-көлдерде мұз жару жұмыстарын жүргізуге 3 млн теңге қаржы бөлінді. 6 мың литр дизель отыны мен 5 мың литр бензин қоры бар. 4700 құм салынған қап дайындалды. Тағы инертті материалдар әзірленді.

Су тасқыны: Уәлиханов ауданында дайындық күшейтілген

Су тасқыны: Уәлиханов ауданында дайындық күшейтілген

«Бүгіндері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен де келісімшарт жасалған. Олар төтенше жағдай бола қалса, бізге қосымша техника беріп, көмек көрсетуге әзір. Олар 61 техника беруге дайын. Оның ішінде бульдозер, инженерлік және тұрғындарды эвакуациялауға арналған техника бар. Ауданда 21 эвакуациялық пункт әзірленген. Онда бір мезетте 1125 адам тұра алады», — дейді Дархан Бейсембин.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 130 ауыл әкімі біліктілігін арттырмақ

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *