СҚО-да суға шомылуға рұқсат етілген 60 орын бар. Кейбір аудандарда бір-екі өзен-көлде ғана шомылуға рұқсат етілген. Бұл ыстық күндері шомылғысы келетін адамдарға аздық етеді. Сол себепті, тұрғындар рұқсат етілмеген жерлерде демалып, қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Бұл мәселе облыстық әкімдікте өткен жиында қаралды, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліментінше, суға шомылу маусымына облыста 25 жүзу құралы дайын. Олардың қатарында гидроцикл, «Марлин» көпфункционалды катері, екі металл қайық, алты үрлемелі қайық және 17 моторлы қайық бар. Сонымен қатар, су айдындарындағы қауіпсіздік дрондармен де бақыланады. Алайда, облыс әкімі бұл шаралардың аздық ететінін айтты. Себебі, өңірдегі 13 ауданда да олқылықтар табылған.

«Айыртау ауданындағы Шалқар, Имантау көлдерінде жүзу құралдары жоқ. Суда құтқару станциялары орнатылмаған. Есіл, Мамлют және Қызылжар мен Жамбыл аудандарында суға шомылауға рұқсат етілген бір-екі ғана орын бар. Ол аздық етіп жатқанын біз көріп отырмыз. М. Жұмабаев ауданында суға шомылу орындарын ұйымдастыру қарастырылмаған. Былтыр да осы мәселе болған. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында мәселелер бар. Су айдындарында ескерту тақтайшалары жоқ. Былтыр орта деңгейдегі мамандар ескерту алған болатын. Биыл енді жоғары лауазымды тұлғалар жауап беретін болады. Бұл шараларға бейжай қарауға болмайды», -деді жиында өңір басшысы.
Сондай-ақ, әкімдік отырысында белгілі болғандай су айдындарында болу талаптарын бұзған бес азамат биыл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни, айыппұл арқалапты. Осы орайда, Ғауез Нұрмұхамбетов ереже бұзғандардың барлығын қатаң жазалауды тапсырды.
«Бұл мәселе қатаң бақылауға алынуы керек. Бес адам деген не? Мен айыппұл сала беруге қарсымын. Бірақ, шара қолданып, адам өмірін, денсаулығын сақтап қалғанымыз жақсы ғой. Профилактикалық жұмыстарды күшейту керек. Жауапкершілікті қатаңдатқан кезде ғана, халық заң бұзудан тыйылады. Сонымен қатар, жазда балықшылардың қатысуымен жазатайым оқиғалар жиі тіркеледі. Мысалы, 2022 жылы бір адам, 23-ші жылы екі және 2024 жылы бір балықшы көз жұмды. Сондықтан, судағы қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Барлық қызметтер жұмылдырылуы тиіс», — деп айтты Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Сауықтыру лагерьлері туралы ақпарат мүлдем жоқ – СҚО әкімі