Өңірге жұмыс сапарымен жалпыұлттық коалиция мүшелері Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода, Аян Зейнуллин келді. Олар бірнеше күн бойы облыстағы еңбек ұжымдарымен кездесетін болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгін жалпыұлттық коалиция мүшелері Петропавл ауыр машина жасау зауытында болып, ұжымымен кездесті. Жаңа Конституция жобасын кеңінен түсіндіріп, артықшылықтарына тоқталды. «Ата заң әлеуметтік қолдауды күшейтіп, адам құқықтары мен отбасы құндылықтарын қолдайды», — дейді Еркебұлан Мәмбетов.

«Ата заңның жаңа жобасы преамбула, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Олар жайлы үлкен талқылаулар өтті және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Жобада Қазақстан Республикасы қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр», — деді спикер.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері зауыт ұжымын референдумға біркісідей қатысуға шақырды. Ұлт тағдыры шешілетін науқанға бейжай қарамау қажеттігін айтты.

«Ақпаратсыз ешқандай шешім қабылдау мүмкін емес. Дәл саяси науқан қарсаңында топ өкілдері келіп, сапалы түсіндірме жұмысын жүргізді. Ұжым әрдайым белсенді. Дауыс беруге дайындалып жатырмыз десек болады. Бұған дейін де референдумға қатысты ойларымызды білдірдік», — деді зауыттың шебері Михаил Журавлёв.
Тағы оқыңыз: СҚО-да референдумға дайындық семинары өтті

