Облыстық әкімдікте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Облыстық әкімдікте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аталған сала халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиында электр, жылу және сумен жабдықтауға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Шара шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, түйткілдерді тез арада шешу қажеттігін айтты. Алқалы жиында өткен жыл сараланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды.
Былтыр аталған салада ауқымды жұмыстар атқарылды. Дәлірек айтсақ, 88 ауылды орталықтандырылған сумен қамтитын төрт сорғы станциясы іске қосылды. 20-ға жуық қазандық жөнделді.
Тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету — негізгі міндеттердің бірі. Себебі, аймақта желілердің тозу көрсеткіші жоғары. Түйткілді шешу мақсатында биыл бес жобаны жүзеге асыру жалғасады. Осы және өзге де ақпармен жаңадан тағайындалған өңірдің бас энергетигі Әлішер Беспаев бөлісті.
СҚО-дағы жылу желілері 66 пайызға тозған
«Облыста 500-ге жуық қазандық жұмыс істейді. Олар 636 — білім беру, 364 денсаулық сақтау нысанын және 1400-ден астам көпқабатты баспананы жылумен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы келер жылыту маусымын ойдағыдай өткізу мақсатында 18 қазандық жөнделді. Маңызды істер бюджеттік емес, инвестициялық қаржыға жасалды», — СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әлішер Беспаев.
Назар аударуды қажет ететін тағы бір жайт — жылу желілерінің талапқа сай келмеуі. Бүгінде аймақтағы құбырлар 66 пайызға тозған. Мәселеге мән беру қажет. Егер ат үсті қарауды жалғастырсақ, қақаған қыста бармақ тістеп қалуымыз әбден мүмкін.
СҚО-дағы жылу желілері 66 пайызға тозған
«Біз 2030 жылға дейін статистиканы 40 пайызға дейін төмендетуіміз қажет. Бұл — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Петропавл қаласындағы жылу және электр желілері 88 пайызға тозған. Бұл — бас шайқататын сандар. Шаһар басшысы Серік Мақсұтұлы орынбасарым Нұрлан Маратұлымен бірлесіп, аталған мәселені қолға алыңыздар», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алқалы жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар да қорытындыланды. 2025 жылы облыста сенбіліктерге 170 мыңнан астам адам қатысып, 72 мың тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 195 мың көшет отырғызылып, 28 спорт алаңы салынды