СҚО-да жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды
Қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының көбі өз қалауын, қандай мамандық таңдарын білмей жатады. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыста жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда жастар қандай бағытты таңдарларын білмейді. Салдарынан мамандық таңдаудан қателеседі. Жоғары оқу орнын аяқтағанымен жаны қалайтын жұмыс таба алмайды. Бұл — қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыста жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды.
СҚО-да жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды
«Статистика бойынша, облыста 3500-ге жуық бос жұмыс орны бар. Жастарымызды өңірде алып қалуымыз керек. Жоба аясында біз мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіптік бағыт-бағдар береміз. Қазіргі таңда қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін айтамыз. Сонымен қатар, IT- саласына ерекше көңіл бөліп, түрлі цифрлық технологиялардың мүмкіншіліктерімен таныстырамыз», — деді «SKO Hub» орталығының менеджері Зульфия Тухватуллина.
Жоба аясында оқушылар мен студенттер «Қызылжар» креатив орталығының тыныс-тіршілігімен танысады. IT- саласындағы білікті мамандардан тәлім алады.
Серік Ордабек — Қозыбаев университетінің студенті. «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша білім алады. Бұрын-соңды «Қызылжар» креатив орталығына келіп көрмеген. Ол орталықтың мүмкіншілігін жоғары бағалады. Мұнда тұрақты түрде келіп тұратынын жеткізді.
СҚО-да жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды
«Цифрлық ақпараттарды өңдеуді үйреніп жүрмін. Болашақта бұл табысты маман болуыма зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Креатив орталығына келу арқылы тың жобаларды жүзеге асыруға болады», деді студент.
Айта кету керек, шара әр сәрсенбі күні өткізілетін болады. Ұйымдастырушылар тағылымы мол шараларға ауыл жастарын да шақыруды жоспарлап отыр.