Солтүстік Қазақстан облысындағы түрменің бұрынғы бастығы Рүстем Рахметов енді 3 миллион теңге айыппұл төлейді. Сот оны сотталған адамды алдап, қызметтік лауазымын асыра пайдаланып ақша бопсалауға тырысқаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Рустем Рахметов 2024 жылдың желтоқсанынан бастап №52 мекемені басқарған. Бұл — Қызылжар ауданы Ольшанка ауылында орналасқан түзету мекемесі. Алайда ол заңға қызмет етудің орнына, еркіндікке шығуға үміттенген адамның жағдайын пайдаланып, ақша табуды көздеген.
Өткен жылдың соңында ол сотталған Қажымұрат Аюпты кабинетіне шақырған. 31 жастағы ер адам бірнеше жылдан бері ауыр қылмыс үшін жазасын өтеп жүріпті. Алдымен орташа қауіпсіздік мекемесінде болған, кейін ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге ауыстырылған. Жазасының жартысын өтеген соң, ол жазаны жеңілдету туралы Қызылжар аудандық сотына өтініш береді. Осы кезде Рахметов «көмек» ұсынған — әрине, тегін емес.
Айыптау қорытындысында айтылғандай, ол сот шешіміне әсер ете алмайтынын біле тұра, өзін көмектесе алатындай көрсетіп, алдау арқылы ақша алмақ болған және пара беруге итермелеген. Алдымен 500 мың теңге сұрапты.
«2025 жылғы 11 желтоқсанда, өтініш сотқа жетпей тұрып, Рахметов кабинетіне шақырып, прокуратура қызметкерлері арқылы мәселені шешуге көмектесе алатынын айтты. Қандай адамдар екенін нақтыламады. Ол үшін 500 мың теңге беру керектігін айтты», — деді Аюп сот барысында.
Сот бірінші инстанцияда өтінішті қанағаттандырмағаннан кейін де, бұл «келіссөздер» тоқтамаған. Керісінше, жалғасқан.
«Рахметов апелляция арқылы мәселені оң шешуге көмектесетінін айтты. Бірақ ол үшін 200 мың теңге беруім керек болды», —деді Аюп.
Күдіктенген сотталған адам ҰҚК-ге жүгініп, әңгімені диктофонға жазып алған. Рахметов тағы да «ақша берілсе, мәселе шешіледі» деп сендірген. Ал егер шешілмесе, оған ешқандай талап қоймауды сұраған. Осыдан кейін жәбірленуші ресми түрде арыз жазып, іс жедел бақылауға алынған.
Келесі күні ҰҚК қызметкерлері оған 200 мың теңге беріп, ақшаны арнайы өңдеп белгілеген. Апелляция соты алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырады. Бірақ Рахметов «жұмысын» тоқтатпаған.
«Шамамен 17–18 ақпанда ол мені қайта шақырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін талқылады. Тағы да 200 мың теңге сұрады», — деді Аюп.
19 ақпанда сотталған адам 200 мың теңгені оның кабинетінде тұрған формалық күртесінің қалтасына салған. Рахметов ақшаны алып, үйіне кеткен. Көп ұзамай құқық қорғау органдары келіп, ақшаны тәркілейді. Сот Рахметовтың әрекеттерін алаяқтық және пара беруге итермелеу деп бағалады.
«Құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Рахметовқа 3 миллион теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады», — деді Петропавл қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Азамат Әшімов.
Сонымен қатар, Рахметов әділет подполковнигі атағынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да түріктердің май шығару зауытын салынады

