Облыста Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2025 жылы 51 субъектінің 70 реттелетін қызметін бақылауда ұстады. Бұл қатарда су беру мен су бұру, электр және жылумен жабдықтау, сондай-ақ кірме жол қызметтері бар, деп жазады Qazaqstan Media.
Өткен жылы департаментке табиғи монополия және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен 105 өтінім мен ақпарат түскен. Соның 64-і мақұлданып, 41-і кері қайтарылған. Тарифтердің өзгеруіне инфляция, көмір, мазут, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, желілерді жаңғырту қажеттілігі әсер еткен. Оған қоса, қызметкерлер жалақысының өсуі және энергия ресурстары құнының артуы бар.
Жыл бойы тариф қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін 39 жария тыңдау өткен. Сондай-ақ тарифтік саясат жөніндегі өңірлік комиссияның 15 отырысында 29 өтінім қаралған. Бұдан бөлек, коммуналдық саладағы өзекті мәселелер бойынша 12 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылған.
Тұтынушылар құқығын қорғау бағытында да нақты жұмыс жүргізілген. Есепке алу құралдары жоқ тұрғындарға жылу энергиясы үшін 74 млн теңгеден астам сомаға қайта есептеу жасалды.
Ал бақылау және әкімшілік тәжірибе аясында 2025 жылы 14 әкімшілік іс қозғалып, қаралды. Заң бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 52,9 млн теңге айыппұл салынған. Оның 19,9 млн теңгесі өндірілді. 32,9 млн теңгесі мәжбүрлі орындауда жатыр. Бұдан бөлек, 8 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бір субъектіге нұсқама берілген.
«Тарифтік саясат қазір кезең-кезеңімен және теңгерімді тәсілмен жүргізіліп жатыр. Оның сөзінше, мемлекеттің басты ұстанымы өзгермейді: тарифтің әрбір теңгесі негізді, ашық болуы және қызмет сапасын жақсартуға жұмсалуы тиіс»,-дейді департаменттің уақытша басшысы Алмат Сейдахметов.
Сондай-ақ ол 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін табиғи монополия субъектілерінің қызметтері бойынша тарифтерді көтеру жоспарланбағанын айтты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 10-сәуірден бастап жалпыоблыстық сенбіліктер өткізіледі

