Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Салауатты өмір салты — табысты болашақтың негізі» тақырыбында бірыңғай республикалық сабақ өтті. Шараға петропавлдық білім ұялары да қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылған шара 73 мыңнан астам мектеп оқушысын қамтыды. Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ұжымы әрдайым белсенді. Мұндағы шәкірттер мен мұғалімдер күнді спорттық жаттығудан бастады.

«Бүгін біздің күніміз таңғы жаттығудан басталды. Сонымен қатар, оқушыларға салауатты өмір салтының маңызы туралы сынып сағаттары өткізілді. Бұл бізде жыл сайын өткізіледі. Денсаулық — адам өмірінің маңызды бөлігі. Біз балалардың спортпен шұғылдануына аса көңіл бөлеміз», — деді С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының орынбасары Назгүл Әміржанова.

Сынып сағаттары барысында оқушыларға денсаулық ұғымының тек дене шынықтырумен шектелмейтіні айтылды. Көтеріңкі көңіл-күй, ашуға булықпау, күйзеліске түспеу. Осылардың да маңызы зор. Яғни, салауатты өмір салты — тек шымыр дене емес, ой мен жанның тепе-теңдігі.

Ішімдік, есірткі сынды зиянды әдеттерден аулақ болу да маңызды рөл атқарады. Мектеп қабырғасында өткізілген осындай шаралар жасөспірімдердің дүниетанымына оң ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл оқушыларына арналған «Мамандық керуені» өтіп жатыр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *