СҚО-да өткен жыл қорытындыланып, су тасқынына қарсы тұру жұмыстары пысықталды
Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында өткен жыл қорытындыланды, алда болуы мүмкін су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы әр сала қарқынды дамыды деп айтуға болады. Диқандарымыз қамбаға 6 млн 600 мың тонна астық құйды. Өндіріс көлемі 20 пайызға артты. 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 11 кәсіпорын қолданысқа берілді. Мінберге шыққан облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант көпшілікпен 2026 жылғы көрсеткіштермен де бөлісті.
СҚО-да өткен жыл қорытындыланып, су тасқынына қарсы тұру жұмыстары пысықталды
«Жыл басынан бері облысқа 14 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. 3 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілді. 7 мың 700 тонна ет пен 20 мың тонна сүт өндірілді. Өндіріс көлемі болса өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артты. Бірақ, кей салалар бойынша Айыртау, Тимирязев, Ақжар аудандары жоспарды орындай алмады. Осы мәселе жүйелі түрде шешілсе екен деймін», — деді спикер.
Тасқынға тосқын
2024 жылғыдай опық жеп қалмас үшін дайындық жұмыстарын күшейту қажет. Жиын барысында су тасқыны мәселесі де көтерілді. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін. Елді мекендердің 50-і өзен мен көлдердің толуынан, ал 62-сі еріген қар суынынан зардап шегуі ықтимал. Бұлардың барлығында 7 мыңға жуық адам тұрады. Облыстық ТЖД бастығы Жомарт Асқаровтың сөзінше, облыста табиғи апатқа қарсы тұру жұмыстары қарқынды жүргізілген.
СҚО-да өткен жыл қорытындыланып, су тасқынына қарсы тұру жұмыстары пысықталды
«2223 адам мен 1428 техникадан тұратын жедел топ жасақтадық. 549 мың құм толтырылған қап дайындадық. Сонымен қатар, 300-ге жуық уақытша тұрақ әзірледік», — деді Жомарт Асқаров.
Су тасқынының алдын алу мақсатында облыста 6 бөгет тұрғызылып, нығайтылды. Маңызды жұмысқа 14 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.