Солтүстік Қазақстан облысында орта білім беру саласындағы өзекті мәселелер білім басқармасының алқалы отырысында талқыланды. Өңірде қазір екі мектеп үш ауысыммен оқып жатыр. Сонымен қатар Петропавл қаласында 4 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді, деп жазады Qazaqstan Media.

Білім басқармасы ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуды басты мақсат етіп қойған. Қазіргі таңда облыста 439 мектеп жұмыс істейді. Онда 73 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова шағын жинақты мектептер мәселесі өзектілігін жоғалтпағанын айтты.

«2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, өңірде 325 шағын жинақты мектеп бар. Бұл жалпы мектеп санының 74 пайызы. Мектеп желісі нормативке сай келмейтін 179 білім беру ұйымы тіркелген. Жазғы кезеңде аз балалы мектептерді оңтайландыру аясында 7 мектеп жабылды: Айыртау ауданында – 1, Аққайыңда – 1, Тайыншада – 3, Шал ақын ауданында – 2. Сондай-ақ М. Жұмабаев ауданында 1 мектеп қайта ұйымдастырылды. Ауылда 74,5 мың орын бос, ал Петропавлда 4 мыңнан аса орын жетіспейді. Аққайың ауданындағы Смирново ауылында және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында үш ауысымды оқу сақталып отыр», – деді ол.

Орын тапшылығын азайту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы Петропавлдың «Береке» шағынауданында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Есіл ауданындағы Еңбек ауылында жеке инвестиция есебінен 50 орындық бастауыш мектеп салынды.

Алдағы уақытта өңірде тағы төрт мектеп салу жоспарланып отыр:

  • Аққайың ауданы Смирново ауылында – 300 орындық;

  • Ғ. Мүсірепов атындағы аудан Новоишимское ауылында – 600 орындық;

  • Петропавл қаласы «Копай» шағынауданында – 600 орындық;

  • Қызылжар ауданы Белое ауылында апатты мектептің орнына – 120 орындық жаңа мектеп.

Айтуларынша, барлық нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Сонымен қатар білім нысандарының жағдайын жақсарту мақсатында 2025 жылы 35 объекті (36 жоба) жөнделіп, оған шамамен 6 млрд теңге жұмсалған.

Тағы оқыңыз: «Жұмысшы мамандықтары жылы»: СҚО-да қандай жұмыстар атқарылды?

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *